Мен Мұхаңмен мақтанамын

Ел ішінде жақсы ісімен, жайдары мінезімен, еткен еңбегімен көпшіліктің құрметіне бөленіп жүретін азаматтар болады. Олардың кейбіреуін күллі ел таныса, тағы бірін өзі туып-өскен өңірі мен қызмет етіп жүрген аймағы ғана біледі. Бірақ бұл адамгершілікті ту еткен асыл азаматтардың беделі мен халқына сіңірген еңбегін бір мысқал да кемітпейді. Керісінше елдің ыстық ықыласына бөленіп, абырой биігіне шығады. Сондай адами болмысы мен кісілік салттары көп елге үлгі болатын елеулі тұлғалардың бірі Мұхамбет Көпеевті жергілікті жұрт жақсы таниды.

Мұхаңды жұртшылық ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжіліс төрағасының орынбасары, ҚР Төтенше жағдайлар министрі қызметтерін атқарған кезден жазбай жақсы таныды. Өйткені, осы жауапты жылдарда елдің, оның ішінде кенді өңірдегі өндіріс қуатын арттыруға, әлеуметтік жағдайды жақсартуға атсалысты. Кен өндірісінің көшін ілгерілетіп, келелі мәселелерді қаузады. Мұхамбет Жұманазарұлымен аралас-құралас бола жүріп, Рудник кентінде бірге оқыған едік. Біз сонда талай шаралардың басы-қасында жүретін едік.

Кенттегі оқу кездері әлі де көз алдымда. Жалынды жастар сапында бола жүріп, ойы озық, ұйымдастырушылық қабілеті бар оқушылар топ болып, комсомол ұйымының ісін ілгерілетуге бар қайрат-күшімізді салдық. Мұхаң бәрімізді жастайынан адамға деген қайырымдылығы, ұстанымы бар мықты жігіт ретінде тәнті қылды. Кейін сол қабілет-қарымы арқасында мектептегі, қалалық комсомол ұйымдарына жетекшілік етті. «Адам сөйлескенше, жылқы кісініскенше» дейтін аталы сөзді Мұхаңа қарап айтуға болатын шығар. Өйткені, әрбір адаммен тез тіл табысып, өзгенің пікіріне құлақ асып, тыңдайтын қабілеті көпті қайран қалдыратын. Сондай жауапты қызметтерді атқара жүріп, кішіпейілдік қасиетінен айныған жоқ. Көп адаммен қатарласа жүріп, өзін өзгеден жоғары қоймайтын ізетті жан ретінде ортада сыйлы болды. Мұхамбеттің осыншама биік белестерді бағындырып, депутаттар қатарында болуы сол адамгершілік тұғырынан таймайтын таймас мінезінен танбауынан деп білемін.

Адамға болашағын айқындауға, азамат болып қалыптасуына белгілі бір спорт, өнер елеулі әсер ететіні белгілі ғой. Мұхаңның іскерлік, стратегиялық ойлау қабілетін шахмат ойынын жата-жастана ойнаған қызығушылығы тудырды. Шахмат тақтасы алдында жан беріспей, қарсыласын қапы қалдырар тұстарын дөп таба білетін. Біле білсек, шахмат – нағыз өнердің төресі ғой, стратег болуға үйрететін ақсүйектердің ойыны. Енді бұл ойынды толық түсінетін ойыншының олқылықтарға жол бермейтіні, сөзсіз жауапкершілік сезінетіні тағы анық. Келелі мәселелерді шешкенде ойланып, болжап барып қам-қарекет жасайтын іскерлігін осы шахмат ойыны тудырды.

Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы. Мұхаңның кісі болып қалыптасуына ұстаздарының сіңірген еңбегі орасан. Кәкима Жомартбаева, Шабал Бейсенбекова, Халима Артығалиева сынды білім беру ісінің үздіктері жас талаптың бойына білім нәрін сеуіп, өнегелі өмірлерінен тағылым түйді.

Жаны жақсылыққа құмар, жамандыққа қас жампоз жігіттің қоғам ісіне деген жауапкершілігі одан әрі өсуіне ықпал жасады. Қала қауымдастығы Мұхаңды ел басқару ісіне лайықты санап, сайлаушылардың сенім үдесінен шығып, депутаттыққа ұсынылғаны дүйім жұрттың есінде. Өзіндік бағдарламасы бар, сайлау мектебінен өткен, ұсынған бағдарламаларының орындалуын қадағалап отыратын, өзіне жүктелген міндетті тиянақты атқаратын азаматтың аймақ атынан ұсынылуы оған ұшан-теңіз жауапкершілік сездірді. Сол жауапты жылдарда қарапайым бұқарадан шыққанын ұмытпай, көрген-білгенін, өзінің азаматтық позициясын боямасыз білдірді. Жауапты органдарға депутаттық сауал жолдап, маңызды мәселелерді шешудегі ықтиярлығын таныта білді.

Мұхамбет Жұманазарұлы Парламент депутаты бола жүріп, өз туған өлкесінің өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Жыл сайын ел ішінде «Көпеев турнирі» аталып кеткен шахмат жарысын ұйымдастыруды қолға алды. Жыл сайын өткізілетін бұл дәстүрлі турнир он тоғызыншы мәрте үздік ойыншыларды анықтап келеді. Осылайша аймақтың әр өңірінен әккі ойыншыларды, шатыраш шеберлерін бір шаңырақ астында бас қосуына мұрындық болуда. Бұл азаматтың жеке дара туған жерге деген ықыласының айқын көрінісі деп білемін.

Жалпы, мен Мұхамбет Көпеевті біздің аймақтан сайланған депутаттар ішінде оқ бойы озық тұрған білікті азамат ретінде құрметтеймін. Өңірімізден осындай өрелі тұлға шыққанын мен мақтаныш тұтамын. Халқы үшін қалтқысыз қызмет жасайтын арда азаматтар әрқашанда құрметке лайық болары анық.

Яхия АСАТОВ,
ҚР еңбегі сіңген энергетик, Сәтбаев қаласының
Құрметті азаматы.

Комментарии закрыты.