Жұмысқа орналастыру жайы

Қала әкімінің орынбасары М.Мәдиеваның төрағалығымен Консультативті-кеңесші органның отырысы өтті. Оған осы органның құрамына кіретін мемлекеттік мекемелердің басшылары мен жауапты мамандары қатысты. Кеңестің бұл жолғы жиынында сотталған азаматтарды жұмысқа орналастыру және олардың денсаулығын қадағалап, тексеру бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқандығы туралы мәселелер қаралды.

Бас бостандығынан айырылып, жазаларын өтеп келген азаматтарды медициналық бақылаудан өткізу бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқаны жөнінде Жезқазған қаласы туберкулезге қарсы күрес емханасының бөлім меңгерушісі Мәрияш Оразбекова баяндады. Баяндамашының айтуынша екі айдың ішінде 11 адам тексерістен өткізілсе, оның екеуінен қауіпті дерттің қоздырғыштары табылған. Олар қазір емделіп жатқан көрінеді.

Өздерінің екі ай ішінде атқарған жұмыстарын қалалық қылмыстық атқару инспекциясы бөлім бастығы, әділет капитаны Жанғазы Жанділдин айтты.

Бөлім бастығының айтуынша, тізімде қазіргі күні қоғамнан оқшауланбай сотталған 50 тұлға тіркелген. Учаскелік полиция инспекторларымен қайта қылмыс жасаудың алдын алуда, олардың тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексерістер жүргізіліп, жұмыссыз жүргендеріне жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы жұмысқа орналасуға жолдама берілді. Екі бөлім арасында шартты мерзімге сотталған азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша арнайы жоспар құрылған. Алайда, кейбір азаматтар бөлімнің төленетін ақысына қанағаттанбайды да, жеке кәсіпкерлік нысандарында жұмыс істейді.

– Қазіргі күні ішкі істер бөліміне түзету мекемелерінен босап шыққан 8 тұлға тіркелді. Біздің жұмыс осы бағыттарға сай жүргізілуде, – деді ІІБ бастығының қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі орынбасары Шыңғыс Аликперов.

Жиынды М.Мәдиева қорытындылай келе, жаза алған азаматтардың жұмыспен қамтылуына баса назар аударып, олардың денсаулығын қадағалауды күшейту керектігін айтып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.