Игілікпен орта толады

Өткен жұмада Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов көп балалы 5 отбасына пәтер кілтін тапсырып, қуанышқа кенелтті.

– Көп балалы аналарға ерекше көңіл бөлудеміз. Бірінші жартыжылдықтың өзінде 36 пәтер кілті берілді. Оның ішінде қала әкімдігі – 29, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС – 5, «Харекет» қайырымдылық қоры 2 отбасын баспанамен қамтыды. Сонымен қатар, жыл соңына дейін тағы 9 отбасын баспаналы қылуды жоспарлап отыр-мыз. Бүгінгі қуаныш иелері, қоныс той құтты болсын! – деген қала әкімі Асқар Ыдырысов көп балалы аналармен кездесулер, оларды алаңдатқан мәселелерді талқылау жұмысының жалғаса беретіндігін айтты.

Алты баланың анасы Гүлзада Талпақова жылдар бойы пәтер жалдап тұрғандардың қатарында. Үш бөлмелі пәтерге ие болған жас ананың қуанышында шек жоқ.

– Тұңғышымыз Индира он сегіз жаста. Кенжетайымыз онға толып, менің көмекшіме айналуда. Жолдасым Қанат та, өзім де көп балалы отбасынан шыққанбыз. Сондықтан болар, шаңырағымызды шаттыққа бөлеген сәбилеріміздің дүниеге келуіне тосқауыл болған жоқпыз. Қайта, Алланың бергенін таба беруге бел байладым. Әрине, мемлекет тарапынан көрсетілген көмекке қуаныштымыз. Үмітіміз ақталды. Қиын күндер енді артта қалсын, – дейді ол. Балаларды бірінен кейін бірін дүниеге әкеле жүріп жұмыс істеуге уақыт тапқан Гүлзада жалпы білім беретін №5 мектептің кіші қызметкері. Отбасында да, ұжымында да абыройға ие, жастарға үлгі-өнеге.

– Баспаналы болу — адамның өміріндегі ең маңызды сәттердің бірі. Осындай бақытты бізге сыйлаған қала басшылығына айтар алғысымыз мол. Бұл ең алдымен Елбасымыздың көреген саясатының нәтижесі. Жаңа пәтердің құтты мекен болары анық, – деген Жанна Такеева төрт баланың анасы. Жалғызбасты екендігіне қарамастан жақсылықтан үміт үзбейді.

Көп балалы аналар өздеріне тиесілі мемлекеттік бағдарламалардан да хабардар екендігін танытып қалды. Олар көп балалы отбасыларға көмектің бір реттік болмауын қалайды. Яғни, балаларының балабақшаға тегін баруы, мектепте тегін тамақпен қамтылуы, қоғамдық көлікте тегін қатынауы, мемлекеттік гранттарға ие болып, жатақханада тұруы, отбасы мүшелерінің жұмысқа орналасуына көңіл бөлінсе деген тілекте. Бұл игі жұмыстардың жүзеге асуына тек бюджет қаражаты жетпейді. Яғни, ел назарын аударған мәселеге халық қалаулылары, кәсіпкерлер, белсенді азаматтар жұмылса жүктің жеңілдері анық. Игілікпен орта толады.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.