«Жусан иісі» жарыққа шықты

PeaceTech Lab және MediaNet халықаралық журналистер орталығының грантын жеңіп алған журналист Жұлдыз Төлеуова «Жусан» операциясымен Таяу Шығыстағы соғыс алаңынан елге оралғандар туралы «Жусан иісі» деректі фильмін түсірді. Жақында осы туынды Сәтбаев қаласында көрсетілді.

– «Ол балаларға ертегі айтып, аяқ жағын өздерің аяқтаңдар дегенде олар: «Бомба құлады да бәрі өліп қалды немесе атып кетті» дейтін еді. Сурет салғанда да тек қана қызыл немесе қара түсті пайдаланатын» дейді фильмдегі психолог. Үлкен әсер алып қайттық. Бір-екі қыздың тағдырымен Сирияға кеткендердің кешегісі мен бүгінін таныстырған журналист Ж.Төлеудің деректі фильмі өте сәтті шығыпты. Жастарымызға ой салары анық, – дейді Сәтбаев қаласының дін мәселелері бойынша кеңес беру орталығының директоры А.Құрақбай.
Аталмыш операция бойынша елге қайтарылып жатқан азаматтардың басым көпшілігі – балалар мен әйелдер. Ал «джихадтік романтикаға» берілген, деструктивті ислам атын жамылған қозғалыс сипатына қарасаңыз, бұл жерде әйелдердің рөлі мүлде жоқ және ешқандай маңызға ие емес екенін көреміз. Яғни, Сирияға кеткен бұл әйелдер тек қана өздерінің күйеулерінің нұсқауын орындаған деп айтуға болады. Осы операция арқылы Сириядан радикалды, террорист болған араб-тар немесе еуропалықтар әкелініп жатқан жоқ. Олар өзіміздің қаракөз қазақтар. Бұлар сіз бен біздің туысымыз болмаса да, келесі бір қазақтың бауыр еті – баласы, ағасы мен інісі, әпкесі мен қарындасы. «Жусан» арқылы өзіміздің қаракөз қазақтарға жаңа өмір бастауға мүмкіндік берілуде. Сириядан оралған қандастарымыздың бұрынғы діни көзқарастарын өзгерту мүмкін бе? Олар қарапайым азамат ретінде қоғам қатарына қосылып кете ала ма? Деректі фильмді тамашалау арқылы осы сауалдарға жауап таба аласыз.

Комментарии закрыты.