Өлмейтін өнеге, таусылмайтын тағылым

Кенді өлкенің қалыптасуына, оның дамуына елеулі үлес қосқан әулеттердің ішінде шоқтығы биік Сағидуллаевтар әулетін жергілікті жұртшылық жақсы біледі. Мұның өзіндік себептері бар. Әулет тірегі Аманбай Сағидуллаев «Қазақмыс» корпорациясында түрлі басшылық қызметтерді атқарып, абырой биігіне көтерілді. Елі мен жері үшін аянбай тер төккен азаматтың құрметке бөленетіні анық. Қаныш қаласына сіңірген еңбегі еленіп, қаланың Құрметті азаматы атанса, отбасының ұйытқысы, еріне серік болған аяулы жар, абзал жан Айша Балымбетқызы да бар саналы ғұмырын денсаулық саласына арнап, елдің үлгі тұтар анасына айналды.

Жақсы естелік жан семіртеді. Өміршең өнеге мен тағылымды тәрбие беретін адамдардың өмірінен шын үлгі алуға болады. Елдің анасына айнала білген ұлықты әже, ардақты жар болған, ұзақ жылдар бойы денсаулық саласында еңбек еткен Айша Сағидуллаеваның өнегелі өмірін өзіне азық қылушылар қатарына көп азаматты қосуға болады. Көзі тірісінде елге сыйлы болған парасат-пайымы мол Айша Балымбетқызы талай шәкіртті тәрбиелей жүріп, өмірлік тәжірибесін өзгеге өнеге қылды. Сол себепті де аяулы ұстазды еске алушылардың көптеп саналуы оның адами болмысының даралығын көрсетсе керек.
Айша Сағидуллаева 1971 жылы Қарағанды медициналық институтын тәмамдап, кеншілер қаласына жолдамамен келді. Санитарлық-эпидемиологиялық станцияға жұмысқа орналасып, еңбек жолын осында бастап, құрметті еңбек демалысына сол мекемеден шықты. Яғни бар саналы ғұмырын сол станцияның өсіп-өркендеуіне жұмсады. Көзі тірісінде еңбек өтілін бір-ақ орында өткізу себебін сұрай барған бір тілшіге еңбек етіп жүрген ұжымға деген ықыластан деуі мамандығына шын берілген адамның сөзі екендігін аңғартты. – Мұның аса бір құпия сыры немесе басқадай көлденең себеп-салдары жоқ. Сірә, бар себеп өзім қалаған мамандыққа, ұжымға деген құрметтен шығар. Рас, әу баста көптеген қиындықтарды бастан өткердік. Барар жеріміздің барлығын көліксіз-ақ жаяу аралайтынбыз. Бірақ, барлығына шыдадық. Жаман атты болмайық дедік. Осы сезім бізді үнемі алға жетелеп отырды, – деген сөзінен-ақ мамандығына жан-тәнімен берілгендігін аңғару қиын емес.
Сол сындарлы жылдарда аянбай тер төгіп, ұжымның өркендеуіне үлес қосты. Бүгінде сол өзі басқарған станцияға жетекшілік етіп отырған Гаухар Жалмурзина да білікті маман ретіндегі ұстазының ұстамдылығын, мамандығына деген адалдығын жас мамандарға үлгі ретінде айтып келеді.
– Айша Балымбетқызы барлық саналы ғұмырын еңбекке сарп етіп, уақытпен санаспайтын, кез келген іске зор жауапкершілікпен қарап, дер кезінде орындауды міндет санайтын. Енді ғана жұмысқа орналаса бастаған жас мамандардан да соны талап ететін. Өзінің ұстаздарынан үйренгенінің барлығын өзгелері де ұғынса екен дейтін. Жетекші ретінде жұмысы қауырт дәрігер-эпидемиолог бола тұра, кез келген жұмысты ұқыптылықпен атқаратын. Құрметті еңбек демалысына шықса да, бөлімнен қол үзбей бар кеңесімен бөлісіп отырды, – деп еске алады Гаухар Шәріпқызы.
Білікті маман отбасында да асыл жар, ардақты ана, аяулы әже бола білді. Бала тәрбиелеп, қаймағы бұзылмаған қазақы тәлім-тәрбиенің шынайы үлгісін көрсеткені ағайын-туыстың жадында. «Әйелдің, ананың отбасындағы орнын аз сөзбен айтып жеткізу қиын. Шаңырақтың шырайын кіргізіп, берекесін келтіретін ең әуелі сол әйел. Ол кішіпейіл, жайдары, тіл тапқыш болуға тиіс. Өзінің қай жерде, қандай ортада отырғанын бағамдап алмай суырыла шығып, сумаңдай сөйлеуден сақ болғаны ләзім. Үйде де, түзде де жолы жіңішке қауым өкілі екенін ұмытпай жүргені жарасымды», – деп қазақ әйеліне тән қасиеттерді тізіп берді.
Айша Балымбетқызы еңбек демалысында жүріп-ақ ұрпақ тәрбиесіне баса мән берді. Немерелерін бағып, тәлім-тәрбие отбасынан басталу қажеттігін еске салып жүрді. Әсіресе, баланың өсіп-жетілуіне салиқалы сөз бен салмақты істермен үлгі көрсетуді нұр үстіне нұр санады. Бүгінде одан өлмейтін өнеге мен таусылмас тағылым түйген ұрпақ ардақты ана, аяулы әже алдындағы парызды терең түйсініп, орнын ойсыратпас үшін әулеттің салған сара жолын жалғап келеді.

Комментарии закрыты.