Құқықтық білімді арттыру жолында

Қоғамымыздың барлық саласына дендеп еніп бара жатқан жемқорлықтың жолына батыл тоқсауыл қойып, зардабын жою – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Өз кезегінде жемқорлықтың қоғамға тигізер залалы туралы жас ұрпаққа жан-жақты ақпарат беру, құқықтық білімді арттыру жолында ұстаздар қауымы едәуір жұмыс атқаруда. Мәселен, таяуда №9 жалпы орта білім беретін мектепте 9 сынып жетекшілері А.Құдабаева мен Я.Лесова «Сыбайлас жемқорлық – қоғамдық індет» атты оқушылар арасында сайыс өткізді.

Сайыс төрт кезеңге бөлінді. Бірінші кезеңде топтар өздерін таныстырса, екінші кезеңде бейнероликке кезек берілді. Көрсетілген бейнероликтерге келесі топ түсіндірме жасады. Сайыстың үшінші кезеңі мақал-мәтелдермен жалғасын тапты. Ал, төртінші бөлімде қатысушылар сыбайлас жемқорлық туралы шағын газет шығарды.
Бейнероликтерде Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясына орай онымен күресу әрбір мемлекеттік органдар басшыларының, ел азаматтарының міндеті екендігі атап көрсетілді. Топ мүшелері келеңсіз құбылыстармен күрес жүргізу тек сот, құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың міндеті емес, барлық ұлтжанды азаматтардың парызы деген ой түйді. Заң бұзушылықтар орын алғанда дер кезінде құқық қорғау органдарына хабар берілмегендіктен, кінәлі тұлғалар жауапкершіліктен құтылып кетеді. Осындай олқылықтарға жол берілмеуі тиіс. Жемқорлыққа итермелейтін заң бұзушылыққа қоғамда орын жоқ. Сайыс осы осындай оймен түйінделді.
– Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуы тиіс. Жемқорлық сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады. Олай болса көз жұма қарамай, онымен күресу азаматтық борышымыз, – деген шараның ұйымдастырушылары жүлдегерлерді анықтап, үздік топтарды марапаттады.

Г.ҚҰРЫМБАЕВА,
№9 жалпы орта білім беретін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Комментарии закрыты.