Ұлт мақтанышы

Орталық кітапханада жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің іргелі жанрларын қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосып, биік белеске шығарған аса көрнекті суреткер жазушы, үлкен ақын әрі драматург Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толуына орай «Ұлт мақтанышы» атты әдеби вернисаж болып өтті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әдебиет майталмандарының еңбегін, оның құндылығын оқушы санасына жеткізу мақсатындағы шараға №1 мектеп-гимназиясының оқушылары қатысты. Ақын-жазушылар шығармаларындағы әдебиет, мәдениет, өнер саласындағы қайраткерлерге арналған әдеби портреттерге аннотация берілген шарада оқушылар кейіпкерді тауып, оларға анықтама берді.

Бейімбет Майлин 1894 жылы қазіргі Қостанай облысының Таран ауданында дүниеге келген. Бір жасқа толмай жатып әкесінен, алтыға шығарда шешесінен айрылған. Жетімдіктің зардабын шегіп, байларға жалданады. Алғаш ауыл молдасынан оқып сауат ашқан. 1911-1915 жылдар аралығында Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде, Қостанайдағы орысша-қазақша мектепте, Уфадағы медресе Ғалияда білім алған. 1916-1919 жылдары мұғалім болып, жазушылықпен шұғылдана бастайды. «Қазақ», «Ауыл» газеттері мен «Айқап», «Садақ» журналдарына мақала жазып тұрады. Сауатсыздықты толық жою ұранын алға тартып, 1929 жылы «Сауаттылығы төмендерге арналған оқу кітабын», 1930 жылы «Күш» оқулығын, 1931 жылы «Жаңаша оқы және жаз» құралын, 1935-1936 жылдары Ғабит Мүсіреповпен және А. Сыздықовпен бірге «Сауатсыздарға арналған әліппені» жазып шығарды. Бейімбет Майлиннің шығармаларында сахара жұртының мұң-мұқтажы, арман аңсары, әсіресе азаттық-теңдік тақырыбы тілге тиек етілген.

Б.Майлиннің өмірі мен шығармашылығы туралы тың мәліметтер беріліп, «Күлпаш» атты қысқаметражды деректі фильм тамашаланған шарада Күлпаштың қиын тағдыры, аштық қасіреті туралы баяндалды. Шығармаларынан кроссворд құрастырылды. Арнайы «Көркем сөздің шебері» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, таныстырылды.

Оқушылар осылайша Б.Майлиннің ширек ғасыр ішінде жазған таңдаулы поэзиялық, прозалық, драмалық шығармаларының сөз өнеріне қосылған қымбат қазына екендігін білді. Қазақ әдебиетін байытқан рухани асыл қазына ретінде оның шығармалары мәңгі жасайтын болады.

Айжан САРИНА,
оқырмандарға қызмет
көрсету бөлімінің жетекшісі.

Комментарии закрыты.