Боз кілемде белдесті

Биыл екінші мәрте қазақ күресінен жалауын көтерген аймақтық турнир ҰОС батыры, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Жақсымбек Үншібаевты еске алуға арналды.

Жақсымбек Тілеуұлы 1922 жылы Қарағанды облысының Қызыл әскер колхозында дүниеге келді. 1941 жылы 19 жасында әскер қатарына шақырылып, Курск, Волгоград қалаларын жаудан азат етуге қатысып, ерлігімен көзге түседі. Үш рет жараланып Ұлы Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан жаужүрек жігіт «Қызыл Жұлдыз» ордені, І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденін иеленіп, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. 1946 жылы елге оралған соң Жезқазған кен-металлургия комбинатында еңбек етіп, 1955 жылы Жезқазған кентінің депутаттар кеңесінің төрағасы болып сайланды.

Шараның ашылу салтанатында Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина ҰОС ардагерінің еңбегі мен өмір жолы жастарға үлгі екенін тілге тиек етті. Соғыстан кейін де ел экономикасының дамуына зор үлес қосқандығын атап өтті. Ардагердің туған-туыстары мен бауырлары Үншібаевтар әулеті атынан ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, аймақтық турнирдің ауқымы республикалық көлемде аталса деген тілегін жеткізді.

Жалпы, бұл шараны өткізудегі негізгі мақсат – қазақ күресін ұлттық идеяға, ұлттық намыстың қайнары мен қайрағына айналдыру. Яғни, күресті дәріптеу арқылы ата-бабамыздан мирас болған игі дәстүрлерімізді ұлықтау, салтымызды қадірлеу. Ұлтымыздың ерекшелігін паш ете отырып, мынау жаһандану заманында қазақтың болмыс-бітімінің сақталуын қамтамасыз ету. Барымызды байыта отырып келер ұрпаққа қаз-қалпында жеткізу. Ұлттық күресімізді дамыту арқылы бұқараның спортпен шұғылдануына, дені сау, рухы күшті болуына ықпал жасау. Нұр-Сұлтан, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Абай, Жаңаарқа, Осакаровка, Ұлытау аудандары, сондай-ақ, Жезді кенті, Сарысу, Байқоңыр ауылдарынан атарылытып, боз кілемде белдескен жүзден аса балуанның арасынан 10 салмақ дәрежесі бойынша 40-қа жуық жас өрендер жүлделі бірінші, екінші, үшінші орындарды жеңіп алды. Түйе балуандыққа таласқандар ішінен бірінші орынды жерлесіміз Ербол Тажмұханбет қанжығасына байлады.

– Қазақ күресімен айналысып жүргеніме 5 жылға жуықтады. Бұл турнирге үлкен дайындықпен келдім. Нәтижесі жаман болмады. Екі қарсыласымды таза жеңіспен құлатып, ширек финалға өттім. Ондағы қарсыласым да мықты дайындалып келген екен. Біраз қиындау болды. Дегенмен, жеңісті қолдан беріп қоюға болмайтынын біліп, намысқа тырыстым. Соңында финалға дейін жетіп, 66-дан жоғары салмақ дәрежесі бойынша бірінші орынға ие болдым, – дейді ол.

Айтулы додада Жезқазған қаласының намысын қорғаған Дінмұхаммед Дінислам екінші орынды місе тұтса, нұр-сұлтандық Әнуарбек Балғынбеков пен жезқазғандық Бейбарыс Түсіп үшінші орынды бөлісті. Бойын намыс пен қайрат кернеген жүлдегерлер арнайы кубок пен дипломға ие болды.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.