Есіңді жый, ағайын!

Әлеуметтік желілерде соңғы кезде өте орынды, толғағы жеткен, проблемалық мәселелерді көтерген әңгімелер айтылып жүр. Әсіресе, қазақ халқының рухани жағына, салт-сана, рәсім-дәстүрлеріне байланысты үлкен қозғау салатын ой-пікірлер айтылуда. Осыған орай мен де өзімнің ойымды ортаға салғанды жөн көріп отырмын.

Қазіргі замандағы тәлпіштенген топас байсымақтардың, байлық үшін бауырына да қиянат қылатын қатыгез шонжарсымақтардың бейбақ болмыстары, бейтарап, тоғышар, тобыр жұрттың түйсік-танымдары қарыныңды ашырады, ағайын. Мынадай ғажапты кім естіп, кім көрген? Өліктің жаназасына екі бие, қырқына бір бие соямын деп бөсетіндер бар. Бұл – байлыққа да, барлыққа да жатпайтын жұмыс. Мұндай ел бұзарлық аусар, ақымақтықты кім көріп, кім естіп білген? Ел бұзар дегенім, өзгені де өзіндей болсын деп бәсекеге шақыру емес пе бұл? Тап осындай ақылсыз байлар қазір көбейіп барады. Елге ұйытқы болуға тиісті азаматтар байлығын асырып, халыққа іштей іріткі салса, басқаларға не жорық?

«Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады». Солай екен деп шашыла беру жөн бе, ағайын! Жаназа намазында 300-500 адамға ас береміз, әрине соятынымыз жылқы. Екі-үш күннен кейін тағы жетісі, бейсенбісі деп сол 300 адамның басын тағы қосамыз, міндетті түрде теледидар арқылы хабарлаймыз. Қырқында тағы сол адамдар, бейсенбісі деп әр бейсенбі күнгі дастарханымыз бар, Құрбан айт, Ораза айт өз алдына, жылына үлкен мейрамханаға тапсырыс береміз, әрине семіз жылқы сою міндет. Міне, қазағым бұл орташа есептеу, қабір қазу, кебін пішу, жаназа намазы, құран-хатым аудару сияқты діни амалдар, барлығының төленетін құны бар. Бұл ысырапшылдық қолдағы ұл мен келінге, сырттағы қыз бен күйеубалаға ауыр тиеді
«Азат басың болсын құл, қолдан келмес іске ұмтыл» – деп Абай атам айтқандай, өлік жөнелтеміз, қатардан қалмаймыз деп өз басымызды өзіміз құлдыққа апарамыз, неге-неге? Құл емей не? Бар тапқан табысыңды өмір бойы несиеге, қарызға төлейсің. Бұлай өлік жөнелтулер байларға ештеңе етпес, ал кедей, жоқ-жұқаналарды сорлатып, қу тақырға қалдырмай ма? Сондықтан, бәсекелестікті қояйық, ағайын! Көп болып, байларды сабасына түсірейік. Астамшылық болмасын. Жаназаны тойға айналтпайық. Бекер шашылғанмен өлген қайтып келмейді.

Ал енді адамдардың бойын жалған намыс билеп алған. Той жасауда, өлік жөнелтуде жаппай бәсеке. Шамасына қарамай, шексіз дарақылыққа барады. Қайта-қайта несие алып, қарызға батады. Соларын төлей алмай, қаншама қазақтар қаңғырып жүр.
Қазір не көп? Той көп. Тұсау кесер, шілдехана, тілашар, 30,40,50,60,70 жас дегендей… Дүйсенбіден дүйсенбіге дейін бір мейрамхана бос емес, жаз айларында сенбі, жексенбі күндері той өткізуге 4-5 ай бұрын жазылу керек екен.

Солардың ең маңыздысы – үйлену тойына кемінде бір млн.теңге керек. Сол тойлардың аса кеселді жағы: қарттары-жастары, ерлері-әйелдері аралас, кемінде 300-500 адам қатарлас отырып алып, арақ ішу бар. Шексіз жаттанды тілек айту, жат елдік саздар, әндер-билер қазақтың жан дүниесін аздырып, ұлттық рухын, ар-намысын жоюда. Арақсыз той жасау, саламаттық өмір салтына көшу қолдан келмеді. Қазақ қазаққа арақ сатуда. Қазақ қазақты арақ-сырамен суаруда. Үлкендері үлкендік өнеге-үлгі болу орнына, жастармен қатар, стақан соғыстырып, арақты сілтеуде. Мұнымен қазақ қалай ел боламыз?
Әкем, қарт коммунист Молақов Түсіпбек ашаршылдықтың, жетімдіктің, жоқшылықтың ащы дәмін бір кісідей татқан абыз ақсақал еді. Беларусь майданында жүріп Байқоңырдың аптап ыстық күнін, Қарғалы, Ащысудың кермек суын сағынған. Ұлы Отан соғысынан аман келген қарт майдангер елдің тұралап қалған жағдайын көріп, шаруашылықты қалпына келтіруге бел шешіп кіріседі. Нанның, тұздың қадырын сол уақытта түсінген әкем айтып отырушы еді: мал бір күндік жұтта құрып кететінін, екі-үш жыл қуаңшылық болса, ашаршылық ауылы алыс емес екенін. Ұнның бағасы биыл өскенін білесіздер, енді жаңа жылдан бастап бензин қымбаттаса, бүкіл азық-түлік өнімдері қымбаттайды. Осындай қымбатшылық заманда тізгінді тартатын қазақта ой бар ма? Есіңді жый, ағайын!

Әбулайс ТҮСІПБЕКҰЛЫ,
Сәтбаев қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі.

Комментарии закрыты.