Кеншілер шаһарындағы Наурыз тойы

Тіршілік атаулы құлпырып, жанданатын кез – көктем. Осы көктемнің бастауында тұрған ұлы мейрам – Наурыз мерекесі. Бұл мейрам қыстан аман-есен шыққан шаруаның шаттығының, қуанышының мерекесі. Ұлы күнде барша ұлыстың басын қосатын түбі бір түркі халқына ортақ мейрамды біздің қаланың да халқы көтеріңкі көңіл күйде, өзіндік ерекшеліктерімен  атап өтті.

Академик Қ.И.Сәтбаев даңғылына тігілген жиырмаға тарта киіз үйдің маңында да той-думан, ойын-сауық түс ауғанға дейін қызып жатты. Үздік киіз үйді анықтау үшін қала басшысы Б.Ахметов, қалалық мәслихат хатшысы С.Имамбай, «Қазақмыс» корпорациясы «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің бас директоры В.Оглов, облыстық мәслихаттың депутаты Т.Тлемісов, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы  төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев, қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева, қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ш.Жанасылова және «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы М.Бекмағанбетова тігілген киіз үйлерді аралап шықты.

Мереке Кеншілер алаңында өткен салтанатты ашылудан бастау алды. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, қаланың Құрметті азаматтарының, ел ағаларының,  қалалық мәслихат депутаттарының, үкіметтік емес ұйымдар мен «Қазақмыс» корпорациясы өкілдерінің, жалпы жұртшылықтың қатысуымен жиын өтті.

Қала жұртшылығын ұлыстың ұлы күнімен қала әкімі Батырлан Ахметов, «Қазақмыс» корпорациясы «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің бас директоры Вадим Оглов құттықтады.

Ресми құттықтаулардан соң, жиналғандар Жезқазған қаласындағы С.Қожамқұлов атындағы музыкалы-сазды драма театрдың актерлерінің «Қош келдің, әз Наурыз» атты қойылымын тамашалады.

Тойдың сәнін келтірген

Биылғы Наурыз мерекесін атап өтуде бірнеше ерекшеліктер болды. Соның бірі – «Қазақмыс» корпорациясының арнайы шақыртуымен Қазақстан эстрада жұлдыздары – «Superstar.kz» жобасының бірінші жеңімпазы Алмас Кішкенбаев, «Аппақ гүлдер» әнімен еліне танымал болған Ақбота Керімбекова, «Мұз Арт» тобының бұрынғы әншісі Мақсат Базарбаевтың қаламызда болып, Наурыз мейрамын кенді өлкенің жұртшылығымен қарсы алуларында болды.

– Ел экономикасының дамуында өзіндік үлесі мол Сәтбаев қаласының тұрғындарының өнер иелеріне деген  ықыласы ерекше. Сондықтан да, ұлтымыздың ұлы мейрамын кеншілер қаласында атап өтудеміз. Қаланың кеншілер қауымына, ақсақалдарымызға, ақ жаулықты аналарымызға амандық тілейміз. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, –деген тілегін Ақбота мен Мақсат жеткізді бізге берген  сұхбатында.

Эстрада әншілерінің әсем әндерін жергілікті әншілер жалғастырды.

Кәсіпкерлер жайған дастархан

Қалалық кәсіпкерлік бөлімнің бастығы Зәуреш Таянованың бастамасымен кәсіпкерлер Ассоциациясы дайындаған мерекелік ас мәзірі де ерекше болды.

Алаңда «Асыл мұра» мейрамханасының аспазшыларының тіл үйірер дәмді, ыстық бауырсағы, Наурызкөжесі мен палауынан қала жұртшылығы ауыз тиді. Киіз үйдің ішінде де жайылған ақ дастарханнан дәм татқан үлкен-кіші ризашылықтарын айтып жатты.

«Жомарт» жомарттығын танытты

Кеніштердің арасында «Жомарт» кеніші атына сай, жалпы жұртшылыққа Наурызкөжеден дәм таттыртып,  жомарттығын танытты.

Бірең-сараң осындай кеңшілік танытқан  бөлімдер мен кеніштердің бастамасын басқалар да қолға алса, әр киіз үйдің алдында қаланың тұрғындарына арнап қазан көтеріліп, Наурызкөже ұсынылса мерекенің шынайылығын танытқан болар едік. Келген қадірлі қонағын, ардагерлерін киіз үйдің ішінде күтіп алып, құрмет көрсетіле берсін, жалпы халықты да ризашылықпен қабылдап, жылына бір келетін мерекеде көжеге тойдырып, шығарып салса деген ой келді.

Мереке қызықтары

Мереке барысында орталыққа жиналған жұртшылық бауырсақ фестивалін, «Наурыздағы қуаныш» атты суретшілердің сурет салу сәтін, ұлттық киімдер көрсетілімін, асық ойындарының, ұлттық аспаптардың түрлерімен танысты.

Ұлы мейрамда ұлттық аспаптарды насихаттауда балалар мен жасөспірімдер өнер мектебінің оқытушысы Айдын Ділдебаев пен Жезқазған музыкалық колледжінің ІІІ курс студенті Азамат Бақия өнерлерін ортаға салды.

Жеңімпаздар мен марапаттар

Түс кезінде киіз үйді дәріптеу мақсатында өткен «Үздік киіз үй» байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталды. Марапаттау рәсімін қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева жүргізді. Қала мекемелері тіккен киіз үйлерден белсене қатысқандары үшін ауылшаруашылығы бөлімі, ПИК қауымдастығы, «Сәтсәулет» ЖШС, білім мекемелерінен №3 орта мектеп пен Сәтбаев ауылындағы №17 негізгі орта мектеп  қала әкімінің дипломын және бағалы сыйлықты иеленді. №2, №10, №12 орта мектеп пен денсаулық сақтау мекемелері ІІІ орынды алса, ІІ орынға «Сарыарқа нан» ЖШС лайық деп танылды. Ал, І орынды «Қорғау» қызметі, бас жүлдені С.Сейфуллин атындағы гимназия қанжығаға байлады.

Сонымен қатар, Наурыз мейрамының өтуіне ат салысқан оқушылар сарайы, балалар мен жасөспірімдер мектебі, мәдени-спорттық сауықтыру орталығы қала әкімінің алғыс хатын иеленді. «Қазақмыс» корпорациясы «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің арасындағы өткен бұл байқауда ІІІ орынды Анненск кеніші мен Солтүстік Жезқазған кеніші өзара бөліссе, ІІ орын Степной кенішіне тиесілі деп танылды. І орын Оңтүстік Жезқазған кенішіне, бас жүлде Шығыс Жезқазған кенішіне бұйырды. Киіз үйлерді әсем безендірген жылу мен сумен қамтамасыз ету мекемесі, «Жомарт» кеніші, Жезқазған шахтапроходкалау басқармасы марапаттауларға ілікті. Жеңімпаздарды «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның нысандарды бақылау бөлімінің бастығы Тоғызбай Тәжбенов марапаттап, сыйлықтарын тапсырды.

– Тәуелсіздіктің ақ таңымен қатар келген Наурыз мейрамы қаламызда жақсы деңгейде өтуде. Тарихтан білетіндей, кешегі ата-бабаларымыз ұланасыр той жасамаған. Қыстан аман-есен шыққандарына қуанып, бір-біріне сауын айтып, ауыл-ауылды аралап, Наурызкөжеден дәм татқан.  Мұндай ұланасыр тойды жаз шыға, жер кеңігенде, жайлауда жасаған. Сондықтан да, ұлыстың ұлы күнін тек жаңарудың басы ретінде атап өткен. Бабалардың сол салтын заман талабына сай тойлап жатқанның өзі еліміздегі молшылықты білдіреді. Ұлыс оң болсын! Келген ұлу жылы еліміз үшін, қаламыз үшін ырыс пен берекенің жылы болсын,  – деген тілегін Шығыс Жезқазған кенішінің  өндірістік бөлімінің жетекші инженері, еңбек ардагері Сақтаған Атабаев жеткізді.

Бұл күні Қарағанды қаласының, Жаңаарқа ауданы мен Жезқазған, Сәтбаев қалаларының палуандары боз кілемде белдессе, кіртасын көтеруден, қол күресінен жарыстар ұйымдастырылды.

Атап өту керек, мерекені ұйымдастырып өткізуде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, білім, денешынықтыру және спорт бөлімдері, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, спорттық сауықтыру кешені белсене атсалысты.

Биылғы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кеншілер шаһарының тұрғындары үшін осындай айшықтармен ерекшеленді.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.