Салт пен дәстүр – дін тірегі

Дін – дүниедегі әрбір жан иесінің өмір сүру үлгісі, екі дүниеде де бақытты болуға жетелер нәзік жол. Дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілік ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы. Өзіндік ділі, тамыры терең құндылықтары, қуат алар бай мұрасы бар қазақ халқын сол қазынасын теріс санап, болмысына біте қайнаса сіңген дінді қолы жетпес күрделі дүниеге ұқсатып, қилы-қилы тәпсірімен түсіндіріп халықтан қасақана аластату үдерісі орын алып отырғаны мәлім. Десе де оның алдын алу күн тәртібіндегі кезек күттірмес мәселе. Өткен аптада Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында салт-дәстүр мен дінді сабақтастырған теологтармен тағылымды кездесу ұйымдастырылды.

Сәтбаев қалалық дін сұрақтары бойынша кеңес беру орталығының директоры Амангелді Құрақбай жат ағымдардың жетегінде жүрген жастардың теріс бағытқа түсуіне асыл дініміздің қазаққа жаңа кірген ел сеіклді көрсетіп, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді мансұқтап, қазақ руханиятының күре тамырын қырқуға бағытталған арандатушы әрекеттер салдарынан екендігін жеткізіп, ізгілік пен бейбітшілікке бастайтын дінге қатысты сұрақтарды тек осы саланың білімді мамандарынан алу керектігін сөз етті. Осы мақсатқа орай кездесуге арнайы шақырылған қонақтарды таныстырды. «Пайғамбар ақидасы» кітабының авторы, Нұр Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ұстазы, теолог Серік Тәжібаев пен теология ғылымдарының докторы, Нұр Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ұстазы Шәмшәт Әділбаева жиналған қауымға дін мен дәстүр сабақтастығы төңірегінде оралымды ой өрбітіп, олардың байланысы жайында әңгімеледі. Шәмшат Әділбаева кеңестік отарлаудың кесірін тілге тиек ете келе, барлық дәстүр діннен бастау алатынын, олардың дінге еш қайшылығы жоқ екендігін дәлелдермен түсіндірді.

– Әрбір ырым-тыйымның негізінде тек сенімге қатысты ғана емес, ғылымға, әсіресе медицинаға қатысты да көптеген себептер бар екені ғылыми тұрғыдан әлдеқашан дәлелденген. Шариғатқа қайшы саналатын тәңірлік сенімнен қалған ырым-тыйымдардың көпшілігінің қазіргі күні ғұрыптық (ритуалдық) жағы ғана бұрынғыша сақталып, сенімдік жағы, мазмұны мүлде өзгеріп кетті. Бірқатар ырымдардың негізінде көне тәңірлік сенімнің ізі бар екенін ешкім жоққа шығармайды, бірақ қазір мұндай ырымдарды ешкім ежелгі түсініктерге негіздеп жасамайды. Мысалы, ақ босаға аттап, отқа май құйып жатқан қазіргі келіндер бұл ырымды от пен майға табынғандықтан жасамайды, ата-баба дәстүріне деген құрметпен «бұрынғы-соңғының жолы»деп жасайды. Яғни қазақы танымда қалыптасқан «шырағым сөнбесін», «отым өшпесін» деген игі тілекпен қайырын Алладан тілеп, отқа май құяды.

Ырым бөлек те, наным бөлек. Ырым тікелей нанымның көрінісі болса, қазақ екеуіне екі атау бермес еді. Ырымда «осылай етсе, солай болады» деген үзілді-кесілді наным-сенім емес, «осылай етсек, солай болса екен» деген тілек, ниеттену, сұрау тұрады. Оның бәрін адам шын ниетімен жақсылықтан үміт күтіп жасайды. Ал жақсылықты жалғыз Жаратушының ғана беретінін атамыз қазақ «Жамандық көрсем өзімнен, жақсылық көрсем құдайдан» деп бір-ақ ауыз сөзбен бекіткен. Ізгі ниетпен жасалған ырымдарды Пайғамбарымыздың да ұнатқаны хадистерде келтіріледі.

Ұлттың мінезі мен дәстүрлері – егіз ұғым. Бірінен бірі туындап, бірін-бірі қалыптастырып жатады. Дін қағидаларының сенімдік жағын діндес ұлттар өзгеріссіз қабылдайды, алайда бір ұлттың дәстүрін екінші ұлт көшіре алмайды. Оған дініміз де мәжбүрлемейді. Араб та, қазақ та ислам діні аясында дамып келе жатқан ұлттар, бірақ дәстүрлері қабыса бермейді. Бір ғана баланың дүниеге келуіне байланысты кейбір рәсімдерді алайық. Арабтар нәрестенің дүниеге келгеніне 7 күн толғанда, шашын алып, шашының салмағымен бірдей садақа береді. Қазақы дәстүрде дүниеге нәресте келгенде шілдехана жасалады, бесікке салынады, жиырма күнде кіші қырқынан, отыз тоғыз немесе қырық бір күнде үлкен қырқынан шығарады. Қырық ізгі тілек айтып, қырық қасық сумен жуындыру, шаш-тырнағын алу, келушілерге «жұғысты болсын» деп сый кәде беру (қазақша садақа) – қазаққа тән дәстүрлер. Ешкім ешбірін шариғатқа шалыс деп айыптай алмаса керек.

Қазақы мінез бен дүниетанымда ізет пен құрметке ерекше мән беріледі. «Қазақы мінез» деген ұғымның өзі кішіпейілділік, дархандық, еркіндік тәрізді кесек мінездермен айқындалады. Сол қазақы мінездің тінін құраған кішіпейілділіктің көрінісі іспетті дәстүрлердің бірі – келіннің сәлем салуы. Әрбір амал ниетімен қайырлы, ал құрметтеу ниетімен сәлем салудың сәждеге жығылумен бір еместігі, табыну ниетінде жасалмағандықтан, Аллаға серік қосумен үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны айдан-анық. Көрнекіден көмескі жасап, сау адамды ақылынан адастыратын жалған үкімдер жасаушылардың түпкі ниеті – дәстүрлі құндылықтарға сына қағып, ішкі тұрақтылыққа нұқсан келтіру ғана, – деді.

Ал, Серік Тәжібаев арнайы «Жусан» операциясы кезінде ел азаматтарына әлеуметтік, психологиялық және діни көмек көрсетілгендігі жайында, сондай-ақ жат ағымға кеткендердің діннің түпкілікті мән-мақсатын түсінбегендігін, олардың теріс түсінік сіңіріп, арандатушыларға алданып барғандығы жөнінде ой өрбітті.
Қос теологпен кездесулер бірнеше күн бойы өзге мекемелерде, атап айтқанда №9 мектепте, Оқушылар сарайында, қалалық орталық мешітте жалғасын тапты.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.