«Салауатты ұлт – салауатты ұрпақ!»

Осындай атаумен «Қазақстан» спорттық-сауықтыру кешенінде ашық есік күні өтті. Шара барысында спорттың бірнеше түрінен шеберлік сыныптары көрсетілді.

Келушілерге жылы лебіздерін білдірген кешеннің директоры Манат Айтбаев пен Сәтбаев қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Нұрбақыт Тобағулов ұйымдастырылған ашық есік күнінің басты мақсаты мектеп жасындағы жеткіншектердің бос уақытын тиімді өткізу, оларды спортқа тарту екендігін атап кетті. Сондай-ақ, қызығушылық танытып, балаларының өміріне бей-жай қарамаған ата-аналарға алғыстарын жеткізіп, түрлі облыстық, республикалық және халықаралық ареналарда бақ сынап жүрген спортшылардың жетістіктері аз еместігін алға тартты.

Орайы келгенде айта кетейік, «Қазақстан» спорттық-сауықтыру кешені 2016 жылдың 2 тамызында «Сәтбаев қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ-не енген. Спорттық кешенде бүгінгі таңда мәнерлеп сырғанау, хоккей, үстел теннисі, дзюдо, қоян-қолтық ұрыс жекпе-жегі, жүзу, бокс, футбол, қазақ күресі, киокушинкай-кан каратэ, жеңіл атлетика, армрестлинг сынды бас-аяғы 13 спорттық секция жұмыс жасайды. Ал сол секцияларда 972 оқушы спорттық бағытта шыңдалса, спортты жанына серік еткен балаларды 22 бапкер-жаттықтырушылар түрлі спортқа баулуда.

Спорт түрлерін насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағыттау, дене тәрбиесіне қатысты білімдерін жетілдіру бағытын басты мақсат еткен ұйымдастырушылар ашық есік күн аясында келген қонақтарға спорттық үйірмелер бойынша түрлі шеберлік сыныптарын көрсетті. Атап өтейік өткен оқу жылында спорттық кешеннің жеткен жетістігі аз емес. 1 оқушы спорт шебері, 10 оқушы спорт шеберіне үміткер болса, бірінші дәрежелі спортшылар қатарында 15 оқушы бар.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.