Азаматтарымыздың құқығын әділ және шынайы қорғау жолында

Өткен аптада Сәтбаев қалалық сотының судьясы Ж.Сқақов сот және құқық қорғау жүйесін реформалау мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Отырыста мемлекет басшысының ел халқына Жолдауында құқық қорғау жүйесін жаңғырту міндеті қойылғандығы, құқық тәртібі мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы елімізде барлық қажетті жағдайлар жасалғандығы аталынды. Соңғы жылдары елімізде құқық қорғау органдарының әлеуметтік қамтамасыз етілуі екі есеге өскен. Қабылданған мемлекеттік шаралардың арқасында құқық қорғау жүйесі үздіксіз және тұрақты жұмыс істеп, осы заманғы, жедел өзгеріс үстіндегі жағдайға бейімделуде.

– Президентіміз Жолдауының үшінші бағытында «Сот – заң үстемдігінің кепілі. Сондықтан судьялар жоғары кәсіби және адамгершілік талаптарына сай болуы – бұл үлкен міндет. Судьялар мен осы қызметке үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаңдату керек. Сот – әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс. Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті – халықтың сеніміне ие болу. Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты фактор – сот жүйесі мен құқық қорғау жүйесін терең реформалау. Соттардың сапасын жақсарту үшін бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру, сот шешімдерін мұқият саралау қажет. Дауларда бірыңғай сот тәжірибесі қамтамасыз етілсін. Азаматтар соттарда көбінесе мемлекеттік аппарат ресурстарымен тең емес жағдайда қалуда. Сондықтан әкімшілік сот төрелігін енгізу қажет. Заңнамадағы барлық қарама-қайшылықтар мен түсініксіз тұстар азаматтардың пайдасына қарастырылуы керек. Біз шамадан тыс шараларға жүгінуден және қатал жазалау сынды тәжірибеден алшақ кеттік. Қайткенмен де зорлық-зомбылыққа, педофилияға, балаларға, адамға қарсы қылмыстарға қатысты жазаны қатайту қажет. Бұл менің үкіметке берген жеке тапсырмам. Браконьерлер қауіп төндіруде. Мұның бәрі осы мәселеге құқық қорғау органдарының көз жұма қарауының кесірінен орын алды. Браконьерлікпен айналысатындарға қатысты жазаны қатайту қажет», – деп атап айт-қан болатын. Осы ретте елімізде құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, жұмыс істеп жатқандығын білесіздер. Қаламызда да әлеуетті құрылымдардың жұмысына қызметтік талдау жасалып, проблемалар мен олқылықтар анықталуда, – деген судья құқық қорғау органдарының аппараттарын оңтайландырудың жүзеге асырылғандығын, заңнамалық базаның жетілдірілгенін жеткізді. Сонымен қатар, қылмыстық саясатты ізгілендіру мәселелерінде табанды түрде ілгерілеу байқалатындығын, экономикалық саладағы қылмыстарға айрықша назар аударылғандығына тоқталды. Рейдерліктің, өзгенің меншігін басып алудың жолына тосқауыл қойылады. Кәсіпкерлерді тексеру құқығы бар мемлекеттік органдар тізімі қысқартылды. Осы шаралардың бәрі бизнестің мемлекетке деген сенімін нығайтуға мүмкіндік беріп, еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыра түсуде. Сонымен қатар, қызметкерлердің мүддесі, кадр құрамы сапасының төмендеуіне жол бермеу қажеттігі де назарға алынуда. Сөзінің қорытындысында Ж.Сқақов Жолдауда қабылданған шаралардың құқық қорғау және сот жүйесінің тиімділігін арттыруға, біздің азаматтардың құқықтарын әділ де нақты қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне сенімді екендігін атап көрсетті.

Кеңес барысында қалалық соттың судьясы Г.Жақсылықова мен адвокат М.Мусина қолдаудың үшінші бағыты бойынша ойларын ортаға салды.

М.АЛПЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.