Әкім гранты жас кәсіпкерлерге берілмек

Әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесін назарға алсаңыз, оларда экономиканы алға сүйреуші негізгі күш – шағын және орта бизнес өкілдері екенін көреміз. Ал, Қазақстан – кәсіпкерлер үшін ең қолайлы елдердің бірі. Елімізде шағын және орта бизнесті жандандыруға бағытталған бірқатар бағдарламалар бар.

Биыл – жастар үшін ерекше жыл. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялағаны белгілі. Жыл басынан бері бұл бағытта атқарылған істер аз емес. Жас кәсіпкерлерге берілетін қала әкімінің грантын солардың қатарына жатқызуға болады.
Осыдан екі апта бұрын қала әкімінің грантына өтінімдер қабылдау басталған болатын. Аталған әкім грантына 19 азаматтан өтініш түсіп, комиссия мүшелеріне ұсынылды. Бұл, өз ісін бастағысы келетін жастар қаламызда аз емес екенін байқатты.

Дегенмен, олардың барлығы бірден өз ісін ашып, кәсібін одан әрі дөңгелетіп әкетуге мүмкіндіктері келе бермейді. «Нұр-Мақсат» қоғамдық бірлестігі және Сәтбаев қалалық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп ұйымдастырылған жоба өз кәсібін бастағысы келетін және ісін бастаған жас кәсіпкерлерге мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылардың айтуынша гранттың жалпы сомасы 5 млн. 700 мың теңгені құрайды. Бір кәсіпкерге берілетін гранттың ең жоғары сомасы екі миллион теңгеден аспауы тиіс. Алайда, комиссия жобаның бағыты мен шығынына, сондай-ақ қаралып жатқан жобалар санына байланысты грант сомасын өзгерту құқығын өзіне қалдырған. Кәсіпкерлер ұсынған бизнес-жобалар өзектілігі және оның экономикалық дамуға әсері, құрылатын жаңа жұмыс орындарының саны, жобаның өтелуі, өтелім мерзімі және бизнестің одан әрі даму перспективалары бойынша бағаланатын болмақ.

Комиссия мүшелерінің шешімі бойынша анықталған бизнес жобалардың авторлары ағымдағы жылдың желтоқсан айының 12 жұлдызында грантқа ие болатынын айта кетейік. Мәңгілік Елдің жастары мемлекет үшін қызмет етер кез келді. Бұл – жастарға жүктелген басты міндет. Оны орнықты жүзеге асыру үшін талмай ізденіп, аянбай еңбек ету керек.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.

Комментарии закрыты.