Енжарлық – елдікке жат

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қыркүйек айында Қазақстан халқына Жолдауын жолдағаны мәлім. Ондағы әлеуметтік-экономикалық дамытудың өзекті мәселелеріне қатысты тегеурінді бастамалар көтерілді. Оның ішінде Президент шағын және орта бизнесті дамыту тетіктері түзіліп, өз ісін ашуға құлықты азаматтардың кәсібін дөңгелетуге тиімді жағдайлар қарастырылатынын қадап айтқан болатын. Жуырда жастар ресурстық орталығында бағдарламалық құжатта көтерілген маңызды міндеттер қалалық қоғамдық келісім Кеңесінің мүшелері мен колледж студенттері арасында талқыға салынды.

Студенттердің қатысуымен өткен жиынды қалалық қоғамдық келісім Кеңесінің мүшесі, Сәтбаев қалалық «Шарайна» газетінің директоры Нурия Ильясова жүргізіп Жолдаудың өзекті бағыттарына тоқталса, Кеңес төрағасының орынбасары, қалалық мәслихат депутаты, «Нұр Транс Сәт» ЖШC директоры Қайрат Балмағамбетов кеңестің 2018-2019 жылдары атқарған жұмыс есебімен таныстырды. Ал, «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Әміров жастарға білім саласында сыбайлас жемқорлық орын алған жағдайда онымен күресу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, туған қаланы дамытуда өз үлестерін қосып, кәсіпкерлікке бағытталған мемлекеттік қолдауға ие бағдарламаларға қатысуға шақырды.

Жастар өз кезегінде бірқатар ұсыныстарын жеткізіп, олардың шаһарды дамытуға зор септігін тигізетінін айтты. Көтерілген мәселелер қатарында жастарды шығармашылық дамытудың бірегей орталығын ашу, велосипед жолақтарын салу, тастанды үй жануарларына арналған орын дайындау, шалғайдағы аудандарды абаттандыру болды. Жиында бұл ұсыныстар алдағы уақытта күн тәртібіне сай депутаттар талқысына салынатыны мәлімделді.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.