Бұрымды боксшының жеңісі

Соңғы кезде нәзік жанды бойжеткендердің қайсарлықты, төзімділікті талап ететін бокс, каратэ сияқты қиын спорт түрлеріне қызығушылық танытып жүргені жиі байқалады. Кейбірі тіпті таңдаған сол спорт түрі бойынша көптеген жүлделі орындарды иемденіп, жеңіс тұғырына шығып жатады.

Манат Жанақбаева сондай ер-азаматтарға көбірек лайық деп саналатын боксты серік еткен бойжеткен. Қаламыздағы «Денсаулық» колледжінде фельдшер мамандығы бойынша 2 курста оқып жүрген ол «Қазақстан» спорт-сауықтыру кешеніндегі бокс секциясына небәрі төрт ай бұрын жазылған екен. Алайда сол азғантай уақыттың ішінде ғана бапкері Дүйсен Қаңтарбаев Манаттың жаттығуларға деген ерекше ынтасын, жекпе-жек кездеріндегі қайсарлығын байқап, жақында жарыстарға қатысасың деп бірден айтқан екен. Көп ұзамай бойжеткеннің бағын да, бабын да сынайтын дода табыла кетеді. Бапкері жас боксшыға Қызылорда қаласында өтетін ашық біріншілікте қала намысын қорғау үшін қатысуды міндеттейді. Іштей қобалжыса да спортта тәуекелсіз болмайтынын түсінген Манат жаттығуларға мейілінше ден қойып, жарыста барын салуға бекінеді.

Жастар жылы аясында «Мұрагер» зияткерлік мектебінің 100 жылдығына орай өткен спорт додасына еліміздің әр аймағынан 16-17 жас аралығындағы жастар қатысқан бұл жарыс Манат үшін спорттағы тұсаукесер іспетті еді. Өжет қыздың алғашқы қадамы сәтті, әрі жүлделі болды. Шаршы алаңда қарсыласына дес бермеген сәтбаевтық жас қыз 54 кг салмақ дәрежесінде ІІ орын мен күміс медаль жеңіп алды.

– Манаттың спортқа келгеніне 4 ай ғана болды. Кейбір спортшылар 4 жылда да жетпейтін жетістікке жетіп отыр. Бұл бойжеткенің жеңісті күндері көп болып, болашағы жарқын болатынына сенімдімін, – дейді бапкері.

А.ҚҰЛАШОВА.

Комментарии закрыты.