Латын қарпіне көшу – заман талабы

№31 «Балапан» балабақшасында осындай атаумен өткен ойын-тренинг жас ұрпақтың саналы жетілуіне, өсіп-өркендеуіне, әрдайым рухани жаңғырып отыруына себепші педагогтар шығармашылығын арттыруға арналды.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесе өткізген шарада балабақша қызметкерлері «Диаграф» және «Акут» тобы болып сайысты.

– Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында 2025 жылға дейін латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиіне көшуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар осы қаріппен жазылуы тиістігін міндеттеген болатын. Осы межелі мақсатқа қолжеткізу бағытында түрлі шаралар ұйымдастырудамыз. Әр сәрсенбі сайын қазақ әліпбиінде сабақ өткіземіз. Бүгінгі шарада педагогтардың білімі ойын-тренинг арқылы бағаланады. Қазіргі жастар өте дарынды, ұғымтал. Сондықтан, латын қарпін тез меңгеріп кететініне күмән жоқ. Дегенмен, бұл іске бірден көшіп кете қою оңай емес. Біраз уақытты, дәйектілікті, нақтылықты, байыптылықты, жан-жақтылықты қажет етеді, – деген балабақша директоры Алма Оразалина қонақтарды латын қарпіне көшудің үрдісі туралы бейнероликті тамашалауға шақырды. Бірінші кезеңде «латын қарпінің тарихын білесің бе?» деген сұраққа жауап берген қатысушылар әліпбиіміздің өзгерісі жайлы баяндаса, екінші кезеңде латын қарпіне көшудің пайдасы жөнінде класстер қорғады. Замана көшіне ілесіп, бәсекеге қабілетті, іргесі бекем ел болу үшін қаншалықты қажеттігін жан-жақты сараптап береді.

«Мақта қыз», «Құйыршық», «Алдар көсе мен бай», «Арыстан мен тышқан», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Тау көтерген Толағай» секілді қазақ ертегілерін экраннан латын қарпінде оқыған сайыскерлер «Жасырын сөз» ойынында тақтада берілген суреттер бойынша сөз құраудан шеберлік танытты. Шара соңында қатысушылар латыннегізді әліпбиді оқуға дағдыландыру мақсатында Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарма жанындағы ресурстық тіл орталығы дайындаған караокемен ән салды.

– Бұл мәселеге қатысты БАҚ-тарда, әлеуметтік желілерде көптеген даулы мәселелер туындап жатқаны белгілі. Ғалымдар, лингвистер, терминологтар жан-жақты пікір айтып, өз көзқарасын білдіруде. Әрине, әр нәрсенің өзіне тән салмағы бар. Салмақтысы – егер біз латын әліпбиіне көшетін болсақ, мұрағаттарда шаң басып жатқан мұраларымызды жарыққа шығарар едік. Елбасының сөзімен нақтылай айтқанда әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызатын едік. Қазіргі қолданыстағы қазақ тіліне тән сөздерде кездесе бермейтін басы артық әріптерден арылатын едік, – деген мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Мадинат Игенберлина әлемдегі өркениетті елдердің қатарына ену жолында нақты жобаларды жүзеге асыру қажеттігін атап айтты. Сондықтан, латын графикасына көшуді заманның өзі талап етіп отыр. Шара осындай оймен түйінделді.

Мира ШАХАТ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.