Даланың дара ұстазы

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында Қостанай қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы Сәтбаев қаласының орталықтандырылған кітапханасымен бірігіп «Біз Ыбырайды білеміз бе?» онлайн-ойынын ұйымдастырды.

«Даланың дара ұстазы» тақырыбындағы шараның «Шежіре», «Сандар сөйлейді», «Кел, балалар, оқылық!», «Ойашар» секілді кезеңдерінде қазақ балалар әдебиетінің атасы, этнограф-ғалым, қазақ халқының адал перзенті, ұлт мақтанышы, қазақ педагогика ғылымының негізін салушы, сөз зергері Ыбырай Алтынсариннің ақындығы мен жазушылығы, қазақ әдеби және жазба әдеби тілінің негізін қалаушы аса көрнекті ағартушылығы, аудармашылығы, қоғамдағы, мәдениет саласындағы қайраткерлігі, ұстаздық қырлары жан-жақты ашылды.

Ыбырай еңбектерін үлгі ете отырып, оқушыларды еңбекқорлыққа, адамгершілікке, іскерлікке, достыққа, елін, жерін сүюге, құрмет тұтуға шақырған қаламыздағы кітапхана басшысы Г.Кожахметова қазақ даласында алғаш рет білім есігін ашқан ұлы ағартушының өнегелі өмірі мен өрісі биік мол мұрасы қазақ мәдениетінің тарихында айқын ізін қалдырғандығын атап айтты.

Ы. Алтынсарин 1841 жылдың 20 қазанында қазіргі Қостанай облысының Затобол ауданында дүниеге келген. Әкесі Алтынсары ерте өліп, жастайынан атасы Балқожаның тәрбиесінде өскен. Осы атасының ықпалымен Ыбырай 1850 жылы Орынборда ашылған орыс-қазақ мектебіне оқуға алынады. Сабақты ерекше ынтамен оқыған ол 1857 жылы «өте жақсы» деген бағамен бітіреді.

Ол мектепте қазақ балаларына білім мен тәрбие берудің басты құралы – оқулық деп санады. Балаларға ана тілін аса ұқыптылықпен үйретіп, шағын көркем шығармалары арқылы жақсы мінез-құлыққа баулуды көздейді. Өлеңдерінде оқуға, білім алуға шақырса, ал мақалдары еңбекті сүюге, қадірлеуге, адамгершілікке, имандылыққа, адал достыққа, тазалыққа үйретеді. Мысалы, «Асыл шөп», «Бақша ағаштары», «Таза бұлақ», «Баланың айласы» әңгімелерін мазмұндау арқылы кітапханашылар онда тәрбиенің ізі жатқандығын түсіндірді. «Кел, балалар, оқылық, «Ананың сүюі», «Балғожа бидің баласына жазған хаты», «Қарға мен түлкі», «Өнер-білім бар жұрттар», «Әй, жігіттер», «Өзен» өлеңдерін жатқа оқыған балалар Орынборда 1879 жылы тұңғыш оқу құралы – «Қазақ хрестоматиясын» шығарғандығын, бұл құралды орыс алфавиті негізінде жариялағандығынан хабардар екендігін де танытты.

Мейрамгүл АЛПЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.