Қыздар сұлу көрінер қылығымен

Отбасы институтын қолдау жобасы аясында Достық үйінің «Бақыт ұясы» жобасының тренерлер ұжымы Сәтбаев қаласының «Денсаулық» медициналық колледжінің студенттеріне «Қыздар сұлу көрінер қылығымен» атты психологиялық тренинг өткізді.

Тренингтің басты мақсаты – қыз-келіншектермен ашық әңгіме жүргізе отырып, қазақ қыздары ар-намысын, пәктігін, адалдығы мен жан сұлулығын жоғары бағалап, ел алдында абыройын сақтауды бірінші орынға қоюының сырын түсіндіріп, ұлттық тәрбиенің құндылығын аша отырып, заманауи даму үстіндегі жастардың бойына қазақи тәрбиені дарыту.

Қазақ халқының дала заңы мен дәріп-дәстүрі, салт-санасы, әдет-ғұрпы тұнып тұрған пәлсапа мен тәрбие. Оның ішінде ұрпақтың рухы биік, санасы ояу, намысты болып қалыптасуына ананың сүтімен келетін қасиетке аса мән бергендіктен тегіне қарап қыз айттырып, белді, сыйлы, текті жердің қызына бесікте жатқанда-ақ сырға салып, өз елінің ұрпағына ана болуын ниет еткен. Сондықтан, «Қызға қырық үйден тыйым, қала берді қара күңнен тыйым» деп қыздың қылығын күңнің де қадағалауына рұқсат етілген. Бұл салт тарих тақтасына үңілсек, сонау сақ тайпасынан сақталған салтқа ұқсайды, оған дәлел бүгінгі күні жержерден табылып жатқан «Алтын адам».

Алтын адамның басына сәукелеге ұқсас тәж киілген, яғни, ол тәжді дүниеден өткен адамға кигізеді. Енді сәукелеге келсек, сәукеле – қазақ қыз ұзатыларда кигізген баскиім екені анық, яғни бұл жерде бойжеткен қызбен мәңгіге қоштасу деген астар жатыр.

Отбасы, отағасы, отанасы деген ұғымдар да тектен тек қалыптаспаған. Қазақтың қара шаңырағы – киіз үйі шеңбер тәрізді, ортада шаңырақтың астында ошақ орналасқан, онда от жанады, қара қазан қайнайды. Ал, отты жағатын кім?… Әйел. Яғни отанасы жылу таратушы. Отты жағушы. Қазақта «отыңды сөндірме», «шаңырағын құлатпа», «іргеміз ірімесін», «қазаның ортаймасын» деген ұғымдар бар, бұл да отанасының жан жақты жауапкершілігін білдіреді. Ердің сыйлы болуы жарына байланысты, ұрпақтың тәрбиесіне ана жауапты, сондықтан, қыз баланың тәрбиесіне аса мән берілген.

Құнанбай Өскенбайұлының анасы Зере Құнанбайды дәретсіз емізбеген екен, ол деген ұрпағының рухы биік азамат болып өсуіне үлкен жауапкершілікпен қарағанын көрсетеді. Сондай махаббатпен тәрбиеленген ұлдан Абайдай абыз дүниеге келіп, қазақты әлемге танытты емес пе…

Жылдар бойы қалыптасқан салт-сананы атадан балаға мұра етіп, бүгінгі күнге дейін құнды, ұлттық дүниелерді жеткізіп, тарихын ұрпақ санасына құйып келе жатқан әжелеріміз де жоқ емес. Ұлттық салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, ата-бабамыз асыл деп санап кеткен дүниелермен қайта табыссақ, келер ұрпағымыздың тәрбиесі темірдей, рухы асқақ болып өсері сөзсіз. Біз кешегі қазақтық баласымыз, ертеңгі қазақтың бабасымыз. Сондықтан барымызды жинап-теріп ұрпаққа табыстауға жауаптымыз!

Колледж студенттері тренингті өте жақсы қабылдады және белсене қатысып, өз ойларымен бөлісіп отырды. Сабақ барысындағы ойындарға да бір адамдай қатысып, қояр сұрақтарын ашық айтып, іштей мазалаған сұрақтарына жауап алды. Отбасының құрылуына, қалыптасуына, үлкен шаңырақ болып өсіп-өнуіне қыз баласының рөлі қаншалықты маңызды екендігіне көз жеткізген қыздарымыз келесі тренингтерге де қатысатындықтарын айтты. Біз де қаракөз қыздарымызға қазақи тәрбиеден қасықтай білім үйреткенімізге қуанып қайттық. Жасаған еңбек, берген тәрбие жастар бойына сіңіп жатса, оны ары қарай дамытатын қыздарымыз көптеп қосылып жатса, әрине, нұр үстіне нұр болар еді.

Айнаш Бегім.

Комментарии закрыты.