Талап қатаң, сұраныс бәрінен

Қаланы қысқы қоқыстан тазарту және абаттандыруға байланысты өткізілетін үшайлықтың басталуына орай, қала басшысы Батырлан Ахметов мемлекеттік мекеме басшыларын, кәсіпорындар мен ұйымдардың жауапты тұлғаларын әкімшіліктің кең залына жинады.

Алдымен қала әкімінің орынбасары Қ.Шайжанов сәуірдің 19-нда бастау алатын үшайлықтағы атқарылар жұмыстың жоспарымен таныстырды.

Сондай-ақ, наурыздың 31-күні қалалық сенбілікті ұйымдастыру және өткізу тәртібі кеңінен талқыланып, нақты тапсырмалар берілді.

Қаланың Құрметті азаматы М.Дакаримова көпшіліктің көзі көріп, көкейлерінде жүрген бір мәселені көтерді.

– Қаламыздың кақ ортасында тұрған «Универсам» дүкенінің алдынан күнде өтемін. Қалай болса солай өздері жасап алған сауда орындары, шашылып жатқан қағаз қораптар мен ағаш жәшіктер (суреттерде). Бәрі қаланың сәнін ғана бұзып тұрған жоқ, меніңше кейбір санитарлық нормаларға да қайшы, – деді Майя Дакаримқызы.

Бұл жылдардан жылдарға, әкімдерден әкімдерге жалғасып әлі күнге шешілмей келе жатқан мәселе екені рас.

Штабқа шақырылған 17 шағын аудан Кеңестерінің жауапты тұлғалары мен мемлекеттік мекеме тарапынан бекітілгендерге жер учаскелерінің картасы таратылып, слайд арқылы түсіндірілді.

Қала басшысы сыпырып-жиналған қоқыстардың жол бойында қалып қоймауына да үлкен мән берді. Ол үшін «Тазалық 2020» ЖШС арнайы полиэтилен қапшықтарымен қамтамасыз ету тапсырылды.

– Қаланы аралап шықтым, «тазалық бейсенбісінің» нәтижесіне көңілім толмады. Шыққан мекемелер саны аз. Әр жерде бірен-сараң адам жинап жүр. Алдағы сенбілікте бұлай болмасын. Шағын және орта бизнес нысандарының алды-арты тазаланбаған. Алысқа бармай-ақ әкімдікке қарсы орналасқандарды алайық. Ешқайсы да қозғалар емес. Көлеңкедегі мұздарын ойып, жердің тез құрғауына жол ашу керек, – дей келе, Батырлан Дүйсенбайұлы бұл жұмыстарды кәсіпкерлік бөліміне қазірден бастап қолға алуды тапсырды.

Штаб жұмысына қатысып отырған «Қазақмыс «Корпорациясы» ЖШС әлеуметтік нысандарды бақылау бөлімінің бастығы Т.Тәжбенов корпорацияға қатысты кәсіпорындардың сенбілікке жаппай шығуын қадағалайтынын білдірді.

Отырыстың соңында қала әкімі Б.Ахметов сенбіліктің өтуіне ғана емес, жалпы қала тазалығына талаптың күшейтіліп, жауаптылармен қатар, бекітілген мемлекеттік мекемелерден де сұраныстың қатаң болатынын ескертті.

М.Жаппасбаева.

Комментарии закрыты.