Сенімді өкіл қабылдау жүргізді

«Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалында облыстық мәслихаттың депутаты Төреқожа Тлемісовтың сенімді өкілі және көмекшісі Қабжан Досмақов пен «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев қала тұрғындарын қабылдады.

Кездесуге алты тұрғын келіп, өздерін мазалап жүрген жағдайларды жеткізді. Еңбек ардагері Құлыбек Смайлов ақсақал Наурыз көшесіне әлі күнге дейін кәріздік құбырдың тартылмағанына шағымданды. Көмекші мен төрағаның бірінші орынбасары көше тұрғындарының бас ауруына айналған мәселенің биылғы жылы оң шешімін табатынын айтты. Бір отбасында алты адам тұратын Тамара Таева баспаналарының тар екенін, тым болмаса, 1 бөлмелі пәтер алуға көмек берсеңіздер деген өтінішін білдірді. Зейнеткер ананың өтінішіне әкімдікке барып, үй кезегіне тіркеуге тұру арқылы ғана мәселенің шешілетінін түсіндірді.

Осыдан біраз уақыт бұрын бұзақы өзін соққыға жығып, екі жүз елу мың теңгесін алып, қашып кеткен Анатолий Купрань ақшасын өндіріп беруге көмек сұрай келіпті. Сенімді өкіл қазір істі болып жатқан азаматтан заң жүзінде келген шығынның өндірілетініне сендірді.

Құрманғазы көшесінде тұратын Садық Оразов тұрғын үйлерден шығатын тұрмыстық қалдықтарды жиі жинап әкетуге болмас па екен деген сауалын жеткізді. Уақытылы алынбай қалса, көше бойы қоқысқа толып кететін көрінеді. Бұл мәселені жауапты мамандарға жеткізіп, олқылықтың орнын толтырамыз деген жауап алды келуші.

Сәтбаев даңғылы, 34 үйдің тұрғыны Арманкүл Исабекова тұрып жатқан үйлерінің жағдайының төмен екенін, күрделі жөндеу жұмыстары жасалса деген өтінішін білдірді. Үйді жөндеу мәселесін тұрғын үй шаруашылығын модернизациялау арқылы жаңартуға болатынын айтты. Ресейде туған Александра Селевчук әлі күнге дейін Қазақстан азаматтығын ала алмай жүргенін, осы мәселені шешіп беруін сұрады.

Облыстық мәслихат депутатының көмекшесі Қ.Досмақов азаматшаның өтініші негізінде облыстық көшін-қон басқармасына шығатынын айтты.

Сенімді өкілге білдірген сенімдер Т.Тлемісов мырзаға жетіп, шешімін табады деп күтеміз.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.