Сәләфизм зұлматынан рухани құндылықтар құтқарады

Бүкіл әлемдердің Раббысы болған Алла Тағалаға сансыз мадақ және шексіз шүкіршілік болсын әрі Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с )-ға, оның отбасы мен сахабаларына Алланың игілігі және сәлемі болсын.
Сәләфизм – бұл Ислам дінін «ас-Салаф ас-Салих» яғни, біздің заманымыздан алдын өмір сүрген ізгі бабалар түсінігімен түсініп, олар амалға асырған іс-әрекеттерді сол қалпында қабылдауды мақсат тұтқан діни-саяси бағыт.

Енді қазіргі сәләфилер – бұрынғы уахабистер.
Алла Тағала қасиетті кәламы Құран Кәрімде адам баласы Жаратушы Иенің алдында өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты екенін айтқан. Имани құндылықтар – әр адамды бауырым деп сүюге баулитын асыл арқау, ел мен жерді ынтымаққа шақыратын ізгі қасиеттер. Ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды, оны сатпайды. Кім де кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кім де кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала оны қиямет-қайымның бір қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кім де кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады», – деп айтты», – делінген болатын.
Ел бірлігі мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтіретін ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет. Діни білімге сусаған кезде, бір мәселеге тап болған сәтте әркімге жүгінбей, арнайы дінтанушы-теолог мамандардан, мешітке барып имамдарымыздан ақыл сұрағанымыз абзал.
Елімізде дәстүрлі емес діндер атауына ие болған көптеген дәстүрлі емес діни ұйымдардың үгіт-насихатына жұмыссыздар, өмірден өз орнын таппағандар, рухани ізденісте жүргендер, жеке басы және отбасындағы психологиялық қиындықтарға төзе алмағандар, дәстүрлі дінді терең білмейтіндер, әсіресе, жастар тез ілігеді.
Дегенмен, жыл өткен сайын халқымыздың діни тұрғыдан сауаттылық деңгейі біршама көтеріліп келеді. Қазіргі таңда біздің облысымыздағы секілді орталықтар республика көлемінде қарқынды жұмыстар жүргізуде.
Адам құндылықтардың ең жоғары дәрежесіне таза жүрек арқылы жетеді. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Адамның денесінде бір бөлшек ет бар, егер ол ет таза, жақсы болса, ол адамның амалдары да жақсы, егер ол ет лас болса, оның амалдары да жаман болады. Ол – жүрек», – деген екен. Демек, адам имандылық арқылы рухани адамгершілік қасиеттерін ашады.
Ислам діні – тілі мен ділі, дәстүрі мен танымы әртүрлі ұлттар мен ұлыстарды бөле жармай адами құндылықтар төңірегіне ұйыстырады. Бұл ретте хадис тағылымы былай дейді: «Мұсылмандар бір-біріне жанашырлығымен және рақымшылығымен бір дене секілді. Егер дененің бір жері ауырса, онда бүкіл дене онымен бірге ыстығы көтеріліп, ұйқысы қашып, мазасызданады».
Жалпы діннен еш хабары болмаған қарапайым қатардағы жастардың дінге бетбұруына ықпал ететін факторлар бар. Солардың бірі әрі бірегейі ол әлбетте интернет, ондағы әлеуметтік желілер, қауымдастықтар болып табылады. Ата-анасының немесе имамдардың ықпалымен дінге бетбұрушылар да жоқ емес әрине, бірақ өте аз. Өйткені, ата-ананың балаға рухани тәрбие беруге уақыты да қаухары да жоқ.
Қазақ жеріне Ислам дінінің таралғанына мінеки мың екі жүз жылдай уақыт болыпты. Осы уақыт ішінде ол көптеген халықтар санасына бүкіл адамзатқа ортақ биік моральдық құндылықтарды, рухани пәктікті, имандылықты, салауаттылықты екті. Сонымен қатар, тіліміз бен ділімізге тек қана құнды, мәнді сөздер мен әдет-ғұрыпты енгізді. Мысалы, тілімізге дінімізбен бірге келген сөздердің кейбіріне тоқтала кетсек: Парасат, ақыл, қалам, дәптер, мұғалім, намаз, ораза, иман, тәубе, ықылас, т.б.
Исламның басты мұратының бірі – адамдар арасында бейбіт қарым-қатынас орнатып, тыныштықта өмір сүру.
Ислам өз ізбасарларын ұлтқа, нәсілге, тіліне қарап бөліп алалап, жіктемейді. Қайта бірлікке, ынтымаққа шақырады
Қоғамды жақсылыққа бастайтын адами құндылықтың бірі – бірлік пен ынтымақ. Ауызбіршілік қашқан, алауыздық күшейген қоғамда адамгершілік құндылықтар жойылады. Ал, осы адамгершілік құндылықтар мен ынтымақ-бірліктің бастау бұлағы – асыл дініміз Ислам екені белгілі. Қазақ елі өз егемендігін жариялағалы халқымыздың рухани қазынасының тарихи тамырларына, олардың ішінде жалпы адамдық құндылық – дінге деген қызығушылық, ынта мен ықыласы артып келеді. Өйткені, дін адамның бойындағы адамгершілік, имандылық қасиеттердің қалыптасуын көздейді. Адамгершілік пен имандылықтың негізі ар-ождан дейтін болсақ, ал, мұндай асыл құндылықтарды адам мен Алла Тағаланың арасындағы байланыс болып табылатын хақиқи дін ғана шыңдай алады.
Ислам діні сыртқы тазалықпен қатар ішкі рухани тазалыққа да шақырғандықтан мұсылмандар жүрек тазалығына да қатты көңіл бөлген. Сол себепті өтірік, өсек, біреуді біреумен шағыстыру, балағат сөз, күндеу, қызғаныш секілді нашар қылықтардан бойды аулақ ұстаған. Әрдайым өзіне берілген несібені қанағат тұтып, ешкімнің ала жібін аттамауға тырысқан. Батыстықтар армандаған утопия мұсылмандарда іс жүзінде орнағаны шындық.
Ислам діні – кешірімшіл дін. Ол ешқашан да кекшілдікке, озбырлыққа шақырмайды. Ислам дінін ғылым, білім, мәдениет, яғни үлкен өркениет десек жарасады. Ислам – Қазақ елінде ғасырлар бойы қазақ халқымен біте қайнасып келе жатқан дәстүрлі дін. Ислам – гуманизм, адамгершілік, мейірім, шапағаттылық. Ислам – рухани тазалыққа шақыратын дін.
Ислам – рухани құндылықтар негізі. Ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтары дін қағидаларымен үндесіп жатыр. Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, қарым-қатынас әдебі, моральдық нормалар жиынтығы, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Сондықтан, дін мәселесі – руханият мәселесі. Қазіргі уақытта дінге тек қағидалар, қатаң талаптар жүйесі деп қана қарайтын түсінік қалыптасты. Бұл дұрыс емес. Дінді руханият негізі ретінде қарап, оның жасампаз құндылықтарын, рухани әлеуетін басты назарға алғанымыз жөн. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары Исламның осындай асыл құндылықтарынан нәр алып, әлемдік өркениетке өлшеусіз үлес қосқан болатын.
Ислам қандай дін? Ислам дінінің рухани құндылықтары не нәрсеге негізделген? Ғұлама ғалымдар бұл сұраққа қысқаша былай деп жауап береді.
Бірінші: Иман (Аллаға, Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырға, жақсылық пен жамандық бір Алладан екеніне шынайы түрде сену).
Екінші: Салиқалы амал (иман келтірген соң Хақ Тағала біздерден талап еткен ғибадат пен іс-әрекеттерді ықыласпен, ізгі ниетпен орындау).
Міне, Ислам дінінің осы екі қағидасы көзқарас, өмір сүру және іс-әрекеттеріміздің тәртібін қамтамасыз ететін әдеміліктер тізбегін қалыптастырады. Ислам – сана-сезім, сөз және ізгі іс-әрекет арқылы адам баласын әдемілікпен әшекейлеп, кәмілдікке жеткізіп, қараңғылықтан нұрға шығарады.
Ислам діні әлемге шуақ шашып, нұр тарата бастағаннан бері татулыққа, достыққа, әділдікке шақырумен келеді. Ислам өмірді ұлықтайды, адамдарды оны қадірлеуге үндейді.
Ислам — мөлдір де кәусар бұлақ. Оған қаншама тосқауыл жасап, алдын бөгегенмен, ол бәрібір өзіне жол тауып, жарып шығады
Алла тағала баршамызға шынайы момын болуды нәсіп етіп амандығын берсін! Әмин!

Ғ.РАХИМБЕКОВ,
Сатбаев қаласы
Сәдуақас Ошақұлы
мешітінің
бас имамы.

Комментарии закрыты.