Әбіш әлемі

Қараша айының соңында Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктерінің, астанамыздың әкімдігінің, ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен жазушы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбіш Кекілбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай «Әбіш әлемі» атты оқу конгресі болып өтті. Осы атаулы жиынға қаламыздағы орталықтандырылған кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі Айжан Сарина да қатысып қайтқан еді. Осы сапардан келе сала ол алған әсерін бізбен бөліскен еді.

– «Адамды адам еткен кітап, Адамзат еткен – кітапхана», – деп Әбіш Кекілбаев ағамыз айтып кеткендей, республиканың әр өңірінен келген кітапхана қызметкерлерінің қатысуымен болған жиыннан үлкен тәжірибе жинақтап, рухани байып қайттым. Әйгілі қаламгердің мерейтойы халықаралық деңгейде аталып өтті. Әдебиетіміздің алып бәйтерегі іспетті Әбіш Кекілбаевтың есімі кемелділік пен парасатқа толы шығармалары арқылы жадымызда мәңгі сақталып қалды. Оның қайталанбас қолтаңбасы қазақ әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің қазынасына айналды. Саналы ғұмырын қазақ руханиятының өсіп-өркендеуіне арнаған Әбіш аға бірқатар қызметте жемісті еңбек атқарып, ел Тәуелсіздігін алған тұста Тұңғыш мемлекеттік хатшы, Парламент Мәжілісінің депутаты, Жоғарғы Кеңес Төрағасы болды, – деген Айжан Кеңесқызы жазушының өткен өмір белестері, отбасы, әр кездегі қызметтес, қаламдас достарымен түскен естелік суреттерден құралған фотогалерея ерекше әсер қалдырғандығын айтады.

– Марапаттау жинағы, тақырыптық кітап инсталляциясы жазушы шығармашылығын көз алдымызға әкелді. «Шыңырау» көркем фильмінің режиссері Жәнібек Жетіруовпен кездесуден кейін, «Шыңырау» повесінің желісі бойынша түсірілген фильмді тамашаладық. Көңілімізден шықты. Себебі, арқау болған тақырып тың және құпия-сырға толы қасиетті Маңғыстаудың ғажайып табиғаты шығарманың бояуын қанықтырып, оған терең астар жүктей алған. «Әбіш әлемі» атты оқу конгресінің ресми ашылуын ақын, ҚР Жазушылар Одағы басқармасының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы жүргізіп отырды. Ұлт руханиятында, әдебиет жылнамасында өшпестей ізін қалдырып кеткен жампоз жазушы жөніндегі қатарлас қаламдастардың естелігінің жөні бөлек болды. Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Әбіш ағаның сонау студенттік жылдардан жақын жолдасы болғандығын айтса, белгілі қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлек Әбдік сағыныш пен сыйластыққа толы естеліктерді жаңғыртты. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, ҚР Ұлттық Академиялық кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбаева, Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Оспанова ақжарма тілегін ақтарып, кітапхана қызметкерлерінің дара тұлғалардың шығармаларын дәріптеудегі ерен еңбегін жоғары бағалады. Кеш барысында белгілі өнер жұлдыздары ән мен күйден шашу шашып, бір серпілтіп тастады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері әнші Тамара Асар Әбіш ағаның сөзіне жазылған «Арман дейтін – арғымақ», «Әбіш әлемі» әндерін тамылжыта орындап, кештің салтанатын асыра түсті.

Жерлесіміздің айтуынша, тағлымды басқосу барысында «Бір ел – бір кітап» Республикалық акциясының жеңімпаздары номинациялар бойынша марапатталып, «Әбіш әлемі» әдеби байқауының қорытындысы да осы кеште шығарылыпты. Келесі күні елордадан 17 шақырым жердегі Қабанбай батыр кесенесінің жанында орналасқан Ұлттық пантеонға атбасын бұрған кітапханашылар ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасындағы ақын, журналист, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Фариза Оңғарсынова атындағы Медиаорталықтың ашылуына да қатысыпты. Зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, дара тұлғаның басқа да қырларын танып-білген Айжан Сарина әңгімесін аяқтай келе осы сапарға баруына үлкен қолдау білдірген орталықтандырылған кітапхана басшысы Гүлнар Кожахметоваға алғысын білдірді.

Мира ШАХАТ.

Комментарии закрыты.