Мектеп мерейін асырды

Биыл қазақ халқының абыз ақыны, ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толды. Ұлтымыздың дара ұлына арналған іс-шаралар еліміздің әр өңірінде өтіп, дала данышпанының өшпес мұрасы кеңінен насихатталып жатыр. Сондай мәдени шараның бірі ақынның шығармаларын мәнерлеп оқудан республикалық байқаудың қалалық кезеңі болды.

Бұл сайысқа біздің №9 мектептен де өнерлі оқушылар қатысып, бағын сынады. Барлық қала мектептерінен мықты деген көркем сөз шеберлері өнер таластырған сайыста топ жару оңай болмағаны анық. Алайда сенім артып, барынша қолдау білдірген жеті оқушымыз топ жарып, жүлделі орындарды жеңіп алды.

Мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нұрқиса Құлашеваның баптаған бес оқушысы бірдей жеңіс тұғырынан табылды. 6 сынып оқушысы Жанарыс Сәбитұлы 1 орынды иемденсе, Саяжан Орашева (6 сынып) мен Алтынай Агибаева (5 сынып) 2 орынға лайық деп танылды. 5 сынып оқушысы Медина Шағдат болса жүлделі 3 орынмен оралды.

Оқушыларымыз шығарма жазу бәйгесінен де құралақан қайтқан жоқ. «Қазақтың дара ұлы – Абай» тақырыбында жазылған 5 сынып оқушысы Ақмарал Аширбекованың шығармасын қазылар алқасы үздік туынды деп тауып, Ақмарал 1 орынмен топ жарды.
Байқауға бастауыш сынып мұғалімі Зағира Камалова дайындаған 2 сынып оқушылары да мектеп мерейін асырды. Абай атамыздың ізгілікке, адалдыққа шақырған тамаша туындыларын жатқа оқудан жарыста Айзере Мейрам 2 орын, ал Данияр Тұрашбек 3 орын алды.
Өнерлі балапандарға бағыт-бағдар берген ұстаздардың еңбегі де лайықты бағаланғаны ерекше қуантады. Байқау қорытындысы бойынша оқушылары бірнеше жүлделі орын иемденген әріптесіміз Нұрқиса Құлашева Алғыс хатпен және «Үздік тәлімгер» төсбелгісімен марапатталып, қуанышымыз еселене түсті.

Жалпы Нұрқиса Серікқызы еңбегімен мектеп абыройын асқақтатып жүрген жас маман деуге әбден болады. Таяуда өткен қалалық «Жыл мұғалімі» байқауында ол жүлделі 3 орынды жеңіп алып, 40000 теңге ақшалай жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, аймақтық жас пікірсайысшылар турниріне Н.Құлашева дайындаған «Алаш ұрпақтары» командасы 3 орынмен марапатталды. Ұстаздың өзіне болса жарысқа үздік команда дайындағаны үшін диплом тапсырылды.

Осылайша жан-жақты, шығармашыл ұстаздың еңбегінің арқасында дарынды балалар танылып, олардың таланты ашылып жатса, екінші жағынан білім ордасының мерейі тасып жатыр.

Н.АНУАРБЕК,
№9 жалпы білім беретін мектептің ағылшын тілі мұғалімі.

Комментарии закрыты.