Алғашқы сенбілікте көлемді жұмыстар атқарылды

Қыс бойы қар астында көрінбей жатқан қоқыстың беті ашылып, қаланың көркін кетірді. Бұдан құтылудың бірден-бір жолы – «тазалық бейсенбілері» мен сенбіліктер.

Қала әкімі Б.Ахметовтың өкімімен 19 наурыздан 19 маусымға дейін жарияланған қаланы абаттандыру мен көгалдандыруға бағытталған көктемгі үшайлық аясында алғашқы сенбілік өтті. Қала әкімі Б.Ахметовтың тікелей қатысуымен әрі бақылауымен өткен сенбіліктен кейін жер де, ел де бір сілкініп қалды.

Жалпықалалық сенбілік аясында қала көшелерін қоқыстан тазартып, ағаштар мен жол жиектерін ағарту жұмыстары жүргізілді. Қаладағы 14 шағын аудан Кеңестерінің барлығы дерлік өздеріне бекітілген көше, аулаларын тазартып, ретке келтірді.

Қала басшысы Б.Ахметов бастаған әкім аппаратының қызметкерлері Қ.Сәтбаев даңғылының бойына Ұлытау ботаникалық бағынан әкелінген 60 түп қайың ағашын отырғызды. (1-сурет).

Сенбілікте «Жезқазғантүстімет» ӨБ кәсіпорындары, денсаулық сақтау, оқу мекемелері үлкен белсенділік танытса, шағын және орта бизнес өкілдері қала тазалығына үлестерін қосуға асыға қойған жоқ. Қаланы аралап жүріп, үлкенді-кішілі сауда нүктелерінің маңайына қолдың ұшы да тимегеніне куә болдық.

ШЖК-нен сенбілікке 100-ге тарта, СЖК-нен 50-ден аса адам шығып бөлінген аймақтарын жинап, суағарларын тазартты.

Сәтбаев қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалдау және автокөлік жолдары бөлімінен түскен мәліметтер бойынша абаттандыру, тазарту және көгалдандыру сенбілігіне 480 мекеме, 10500 адам, 48 арнайы техника жұмылдырылып, 42 машина қоқыс сыртқа шығарылды. «Тазалық 2020» ЖШС, «СәтСаулет» АҚ, ЭЖК және АК және М кәсіпорнының күшімен заңсыз жерлерде орналасқан 8 қоқыс алаңы жойылды.

Сонымен қатар, 1500 ағаштың керексіз бұтақтары кесіліп, 15 п/м. қоршаулар жөнделіп, боялды.

Атап айту керек, «Қазақмыс» корпорациясына қарасты технологиялық колледж, №3 кәсіби лицей, Ақши-Спасск кеніші (2-сурет) мен автокөлік және механизмдер кәсіпорны (3-сурет) ұжымдары үлкен белсенділік пен жауапкершілік танытты. «Баланың істегені білінбес» деген мақалды мектеп оқушылары теріске шығарды десе де болады. Қай көшеден өтсең де сыпырғыштары мен күректерін ұстап, қап-қап қоқысты үйіп тастаған оқушыларды көресің.

Таңертеңгі сағат 9-дан бастал- ған сенбілік қаланың басты-басты көшелерін толық қамтыды. Дегенмен, қаланың басты көшелеріндегі кейбір сауда орындарының (5, 6-суреттер) қоқыстары бүгінгі күнге дейін жиналған жоқ.

Алдағы 14 сәуірде өтетін сенбіліктерде тек мекеме ұжымдары ғана емес, әрбір қала тұрғыны атсалысады деп ойлаймыз.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.