Көшбасшы азаматтарға мүмкіндік берілмек

2019 жылдың 25 қарашасында Елбасы, партия төрағасы Н.Ә.Назарбаев өңірлік партия филиалдарының өкілдерімен кездескен болатын. Онда мемлекеттік саясатты дамытудың негізгі бағыттары, сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру және елдің жетекші саяси күшінің жұмысын қайта жаңғырту жолында қабылданған шаралар туралы айтылды. Осы орайда «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Шыңғысовтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген отырысы өтті.

Елімізді дамытудың өзекті мәселелерін талқылау барысында жүктелген міндеттерді орындау және жаңа бастамаларды жүзеге асыру, ортаға салынған ойлар мен құнды пікірлер арқылы болашақта атқарылатын жұмыстардың негізін қалыптастыру мақсатындағы жиынға филиалдың саяси кеңес мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, кәсіпорын басшылары қатысты. Бауыржан Қабденұлы Елбасы қоғамдағы өзекті мәселелерді дөп басып, партияға маңызды тапсырмалар жүктегенін айтып, бірнешеуіне тоқталды. Берілген тапсырма бойынша жұмыс күшейетінін мәлімдеп, партияны қайта жаңғырту бағытында елге жанашыр, нағыз көшбасшы азаматтарға мүмкіндік берілетінін айтты.

– Тұңғыш Президент мемлекетіміздің 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясының шешуші басымдықтарын түсіндіру және ілгерілету жұмысын ұйымдастырудың маңызды екеніне екпін түсірді. Ол экономиканың жекелеген секторларын одан ары дамыту бойынша Үкімет жоспарлары жөнінде құлағдар етті. Үкімет өңірлерді қолдау бағдарламаларын қабылдады. Олар, әсіресе ауылдарды қолдауға, жаңа жұмыс орындарын құруға және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағдарланған. Мысалы, 2026 жылға дейін ауылдарды гүлдендіруге шамамен 2 триллион теңге бөлу қарастырылуда. 3 жыл ішінде халықты таза ауызсумен қамту үшін 560 миллиард теңге жұмсалады. Бұл істің қорытындысы бойынша 2023 жыл соңына қарай барлық ауыл сапалы ауызсуға қол жеткізеді. Жиында экономикадағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін арттыру бойынша жоспарланып отырған шаралар және «Еңбек» бағдарламасын іске асырудан күтілетін нәтижелер туралы айтылды. Алдағы 2 жылда «Еңбек» бағдарламасы шамамен 1,5 миллион адамды қамтиды. 750 мыңнан аса жұмыс орны ашылады деп көзделген. 2020-2025 жылдары шамамен 1 миллион пәтер тұрғызылады, бұл бесжылдыққа негізделген бағдарламаларға қолжетімді тұрғын-үй несиелік пакеттері жақсы ықпал етеді. Кеңесте Елбасы партияның жергілікті жерлердегі жұмыс тиімділігін ары қарай арттыру үшін қажет бірқатар басты бағыттарды атады. Әрбір өңір, қала және аудан бойынша сайлауалды бағдарламаларын әзірлеуді тапсырды. Сапалы партиялық тізімдер түзу үшін ашық ішкіпартиялық іріктеуді өткізудің маңызын нықтады.

Партияның кадрлық резервіне үміткерлерді іріктеу пилоттық жобасы бойынша жұмыс барысы жандана түсуде. Бұл жобаны дамыта түсуді жоспарлап отырмыз. Осы арқылы біз қарапайым елдің арасынан мемлекетке шынайы жанашыр, отаншыл, белсенді азаматтарды қатарымызға қосып, мәслихаттарға ұсынамыз. Партия төрағасы осындай міндет жүктеп отыр. Алдымызда партиямыздың көшбасшысы айқындап берген ауқымды міндеттер тұр. Осы белгіленген мақсаттарды жүзеге асыру, халқымыздың әл-ауқатын көтеру, қоғамдық саяси тұрақтылықты, еліміздің бірлігін сақтау үшін жұмыла, бар күш-жігерімізді салып жұмыс жасауымыз керек, – деген Б.Шыңғысов депутаттар мен басшылардың жауапкершілігін көтеру жөнінде де ұсынысын айтты.

Жиында партия жұмысын ұйымдастыру бағыты бойынша сектор меңгерушісі С.Смағұловтың баяндамасы тыңдалды.

– Елбасының «Нұр Отан» партиясын жаңғырту тапсырмасына сәйкес, бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыру тұжырымдамасының жобасы даярланды. Бізде осы ретте партиялық кадрлармен жұмысты күшейтіп, жергілікті өкілдік органдарында партияның рөлін арттыру, жалпыұлттық күнтәртібін құруда белсенді түрде араласуын қамту, партиялық технологияларды жетілдіру, жастармен белсенді жұмыс жүргізу және партиялық білім сапасын арттыру мәселесімен айналысудамыз. Бүгінде бастауыш партия ұйымдары партияның іргетасына, басты күшіне айналды. Қазіргі күні қолға алынған ІТ сыныптар мен ІТ орталықтарын ашу, кітапханаларды, мектеп асханалары мен спорт алаңдарын жаңғырту бойынша жобаларды халық арасында насихаттау, түсіндіру жұмысына белсенді атсалысып келеді. Қазіргі таңда барша қазақстандықтар өздерінің кемел келешектерін партиямен байланыстырады, – деді ол.

Сонымен бірге, жарыссөзге шыққан «Жезқазған медицина орталығы» ЖШС бастауыш партия ұйымының төрайымы Г.Аханова, Ғ.Омаров атындағы шахтапроходкалау тресі бастауыш партия ұйымының төрайымы Ә.Сәкенова да пікір білдіріп, партияны жаңғырту бағытындағы жұмыстарды қолдайтынын жеткізді.

Сонымен қатар, ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Елбасы, Партия Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың саясатын жүзеге асыруға қосқан үлесі, партияның бағдарламалық мақсаттары мен міндетін іске асыруға қосқан үлесі және корпорация мен қаланың қоғамдық өміріне белсене қатысқаны үшін бір топ белсенді бастауыш партия ұйымының төрағалары марапатталып, партия қатары жаңа мүшелермен толықты.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.