Бақыт мекеніне айналған балабақша

Ұлт тағдыры, ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесінде. Осы ретте тапқырлығы мен іскерлігін, ізденімпаздығы мен шығармашылығын жан-жақты дамытқан балабақшалардың орны ерекше. Жақында қаламыздағы №5 «Нұрбөбек» балабақшасының құрылғанына 10 жыл толған мерейлі күн жоғары деңгейде аталып өтті.

«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі» деген ғұлама ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби. Осы орамды ойды өздеріне қағида ретінде ұстанған «нұрбөбектіктер» тәрбие беру жолында зор еңбек сіңіруде. Бұл туралы Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өткен салтанатты жиында айтылмай қалмады.

Балабақшаның оқу-тәрбие жұмыстары еліміздің мемлекеттік жалпыға бірдей стандартты бағдарламалары бойынша жүргізіледі. Қазіргі таңда мұнда 37 педагог қызмет етуде.

– 2009 жылдың 27 қарашасында жұмысымызды бастаған болатынбыз. Содан бері қаншама балдырғанның тұсауын кесіп, үлкен өмірге қадам бастырдық. Бүгінгі күні үш жүз қырық баланы 13 топқа топтастырғанбыз. 9-ы қазақ, 4-і орыс тілінде тәрбие алуда. Олардың жасына сай сабақтар, қосымша ағылшын, орыс тілі, тіл дамыту, айналамен таныстыру, валеология, сауат ашу секілді пәндер оқытылады. Ән-күй, дене тәрбиесіне арналған арнайы залдар жұмыс істеп тұр. Бүлдіршіндерді би өнеріне баулимыз. Ұжымда тәжірибелі педагогтар бүлдіршіндердің танымын кеңейтіп, бірлікке, ынтымаққа, достыққа шақырып, білімдерін ән-бимен, өлеңмен, бейнелеу өнерімен ұштастыруда. Олардың туған жерін сүюге, өз елінің патриоты болып өсуіне барынша жағдай жасалған. Балабақша ұжымы республика, облыс, қала көлемінде ұйымдастырылатын байқаулардан қалыс қалған емес. Алғыс хат, Құрмет грамоталарымен марапатталып келеді. Мағжан Жұмабаев атамыз өзінің ұлағатты бір сөзінде былай деген: «Баланы тәрбиешінің өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайықтап дайындау керек». Иә, бұл даналық бүгінгі күнгі білімді ұрпаққа қаратылып айтылғаны көрініп тұр. Өйткені, елдің ертеңгі тірегі – бүгінгі жас буын. Олар заман талабына сай тәрбиеленуі тиіс. Қазіргі таңда тәрбиешілер қауымына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Бала тәрбиесі – баршаның ісі. Отбасының да, балабақшаның да, мектептің де мақсат-мүддесі біреу, ол – заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу, – деген балабақша басшысы Жамалхия Жаппасова алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра беретіндіктерін жеткізді.

Мұнан кейін ақжарма тілектерге кезек біреліп, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы М.Мәдиева, қалалық әкімшілік аппараты әлеуметтік сала басшысы Г.Таңсықбаева, Жезқазған қалалық мәслихатының хатшысы С.Медебаев, ардақты ұстаз Ш.Жанасылова, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Шыңғысов, қалалық білім бөлімінің басшысы Б.Ақышбеков секілді азаматтар бақыттың мекеніне айналған балабақша ұжымына тарту-таралғы жасады.

Мейрамгүл АЛПЫСБАЙ.
Cурет автордікі.

Комментарии закрыты.