Болашағы зор спортшылар

Наурыз айының 24-25 күндері Жезқазған қаласында «Ұлытау» спорт кешенінде жасөспірім қыздар мен ер балалар арасында каратэден Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Бұл чемпионатта республикамыздың барлық облыстарынан 200-дей каратэші сайысқа түсті.

Аталмыш додаға Сәтбаев қаласынан БЖСМ-нің бапкерлері Б.Смағұлов пен Қ.Тоқтыбаевың тәрбиеленушілері қатысты. Атап айтар болсақ, №27 мектептің оқушысы Мади Мұқатай 50 кг салмақ дәрежесіне дейін 5 кездесу өткізіп, соңғысынан жеңіліс тауып II орыннан көрінді. №5 орта мектеп оқушысы Едіге Сүйіндіков 55 кг салмақ дәрежесіне дейін 3 кездесу өткізіп, II орынға табан тіреді. №2 орта мектеп оқушысы Данияр Қасымов («Мерей» балалар үйінің тәрбиеленушісі) 60 кг салмақ дәрежесінде 4 кездесу өткізіп, жүлделі III орынды алды. «Мерей» балалар үйінің тәрбиеленушісі Ақтолқын Түсіпбекова қыздар арасында 65 кг-нан жоғары салмақ дәрежесінде 4 кездесудің бәрінде де басым болып I орыннан көрінді.

– Келесі оқушыларды да ерекше атап айтпасақ болмайды. Спорт шеберлігіне үміткер технологиялық колледждің 3 курс студенті Әлішер Самсақов спорттың бұл түрімен айналысқанына 7 жыл толды. Әлішер 5 кездесу өткізіп, ақтық сайыста Маңғыстау облысынан келген спортшыны жеңіп, І орыннан көрінді. Сөйтіп ол ҚР спорт шебері нормативін орындады. Ал, спорт шеберлігіне үміткер Қыдырәлі Қарбаев 65 кг-нан жоғары салмақ дәрежесінде 4 кездесу өткізіп, II орынға жетті. Ол да ҚР спорт шебері нормативін орындады. Бұл екі спортшы менің жеті жылда тәрбиелеп шығарған алғашқы спорт шеберлерім. Мен олардың болашағынан үлкен үміт күтемін және алдағы жарыстарда да биіктен көрінетіндеріне сенемін, – дейді бапкер Қуатбек Тоқтыбаев.

Жазып алған Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.