Батыр қыздан бір үзік сыр

Осы аптада «Жанұядағы жылылық» бағдарламасына бүгінгі күннің батыр қызы, ерекше жан Ақбөкен Серікқызын қонаққа шақырдық.

Ол тағдырдың қатал сынағын ерте көрді. Балалық шақтың тәтті де қызыққа толы бал күндері ол үшін бұлыңғыр. Қозы-лақ қуып, балалармен асыр салып жүгіріп жүрген кезінде төтеннен келген кесел оны төсекке таңып тастады. Тұлымшағы желбіреген бүлдіршін қыз өз ортасынан оқшауланып қалған еді… Бірақ, кішкентай жүрек қиындықпен күресуді үйренді, өмір сүруді үйренді, үміт отын жағып, өмірге деген құштарлығы да арта түсті. Өзін өзгелерден кем көрмеуге үйренді.

Бірінші сыныпқа өз аяғымен жүгіре басып барған бүлдіршіннің денсаулығы жеті, сегіз жасында сыр бере бастады. Аяғының буындары босап, жүруі қиындай түсті. Ол кез егемендікке енді қол жеткізіп, енді ғана еңсемізді көтеріп келе жатқан 1996-2002 жылдар болатын. Ауылдық жерде білікті маман жоқ, қалалық дәрігерлер де дер кезінде дөп басып, кеселдің түп төркінін анықтай алмағандықтан, ең оңай жол балаға тегін арба сыйлау болған сияқты. Сөйтіп, «арба» Ақбөкеннің жастайынан айырылмас серігіне айналды. Оның үстіне өзіне шақ емес тым үлкен арба болғандықтан, «жығылғанға жұдырық» демекші, ол да баланың омыртқа сүйектерінің майысуына себеп болған екен. Әрине, оны ата-анасы да, дәрігерлер де кеш білген. Ақбөкеннің бүгінгі таңда «әттеген-ай» дейтін сәттерінің бірі осы.

– Өмір болған соң қызығы мен шыжығы қатар жүреді дейді ғой халық. Сол сияқты менің де басымнан өтіп жатқан қызық, қуанышқа толы күндерім мен көңілім түсетін сәттер болып тұрады. Мысалға, ауылдық жерден қатынау бір жағынан қиын, бір жағынан міндетім кісіде болғандықтан мен үшін қасымда тағы бір адам жүруі керек. Екінші бір көңілім түсетіні, көп жерде пандус та бола бермейді, менің арбамды екі кісі екі жақтап көтеріп жүргені. Қоғамымыздың әлі күнге дейін біз сияқты «ерекше» жандарға жатырқай қарайтыны қынжылтады. Біздің ауылымыз Жезқазған қаласының қарамағында болғандықтан, осыдан 14 жыл бұрын мені үй кезегіне сол қалаға қойған еді. Екі бөлмелі үй береміз делінген, бірақ, кейіннен ол бір бөлмеге айналыпты және жақындап қалған кезегім де кері жылжып кетіпті… Енді, қолдан келер қайран жоқ, бермеген дүниені тартып ала алмаймыз ғой, ата-анам да қарапайым ауылдың ақкөңіл адамдары. Ешкімнің жағасынан алып көрмеген. Сонымен үй мәселесі жуастығымыздан ба, әлде шынымен Жезқазған қаласында үй салынбай жатқандықтан ба, әлі бір шешімін таппай келеді. Өзім заң колледжін бітіргенмін. Білімім мен құжатым бар. Бірақ, жұмыс жасайын десем баспана мәселесі қиындау болып тұр. Бір жағынан осы күніме де «шүкір» деймін, қазір бірнеше білім көзінен нәр алып жатырмын, арбаға таңылсам да көзім ашық, көкірегім ояу, жасап жатқан азын-аулақ кәсібім де бар. Әйтеуір ай сайынғы өз ем-домыма кететін қаражатты табуға күшім жетіп жатыр, – дейді бізбен ішкі сырын бөліскен Ақбөкен.

Шынымен де, қол-аяғы балғадай қыз-жігіттеріміз екі қолға бір күрек таба алмай жүрген заманда Ақбөкеннің білім қуып, өз кәсібін дөңгелетуі үлкен ерлік деп айтуға болады. Бір айда екі, үш семинар, тренингке қатысып, бизнес жайында да, психология төңірегінде де жинап жатқан тәжірибесі аз емес. Өмірге ғашық, сенімі мол батыр қыз бүгінгі таңда денсаулығын басты назарда ұстап, тұрақты түрде ем қабылдауда. қазақи емнің де шипасын көріп жатыр екен. Жақын арада жаңа сойылған мал терісіне оранып, ұмытылып кеткен ұлттық ем-домды да жасатыпты. Өз денсаулығына жұмсайтын қаражатты өз кәсібінен, өз білімімен тауып, ата-анасына қолғабыс болып отырғаны тағы бар.

Шынашақтай болған нәзік қыздың бойындағы күш-жігері, өз ісіне деген махаббаты шекарасы шектеулі болса да дәрменсіз күйге түспей, өмірге айқара құшақ ашып, болашаққа сеніммен қадам жасауы, әрине, отбасындағы қолдау, жанұядағы жылылық, ата-анасының перзентіне деген махаббаты, бауырларының ыстық ықыласы екені анық.

Біз, қазақ, бауырмалдығымызбен әлемге танылған елміз. Ақбөкенге де сол қасиетімізді танытып, бастамаларына қолдау көрсетіп, кәсібінің қарқынды жүруіне септігімізді тигізсек дегім келеді.

Айнаш БЕГІМ.

Комментарии закрыты.