«Ұлы даланың үні» асқақтады

Қаламызда осымен бесінші рет ұйымдастырылып, жасасып келе жатқан ақындар айтысы шаһар жұртшылығын жыл сайын үлкен дүбірге бөлеп келеді. Жуырда Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдық мерейтойына арналған Ш.Ділдебаев атындағы «Ұлы дала үні» атты жас ақындар айтысы өтіп, дәстүрге енген жыр бәйгесі жарасымды жалғасын тапты. Бір ерекшелігі, келісті өнер додасы биыл өзгеше өріс алды. Жыр жәрмеңкесіне сонау Қытай, Моңғолия, Қырғыз елінің ақындары қатысып, бұған дейін республикалық деңгейде өтіп келген сөз бәйгесін халықаралық етіп, мерейін асқақтатты. Төл өнерді тағы бір мәрте төрге оздырды.

Айтыстың ашылу рәсімінде ақындар мен көрермен қауымды қала әкімі Асқар Ыдырысов, айтысқа төрелік етуші қазылар алқасының төрағасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Жүрсін Ерман құттықтап, сөз сөйледі. Осы орайда қазылар алқасының құрамында елге етене таныс айтыс ақындары, ел ішінде «Дәридай» ақын атанып кеткен Мұқаш Сейтқазинов, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов, Төлеген Жаманов, Өміржан Көпбосынов, кенші-ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Мұса Тілеуов, ақын-журналистер Абдолла Дастанов пен Ізтілеу Түсіпов болғанын айта кеткен жөн. Жыр додасын атақты айтыскер, жыр жүйрігі Аманжол Әлтаев жүргізді.

Айтыс аламанына елдің әр аймағынан және Қытай, Қырғызстан, Моңғолия елдерінен сайдың тасындай іріктеліп келген, «сен тұр, мен атайын» дейтіндей сүбелі сөздің майын тамызған 18 жас ақын бәсеке көрігін қыздырды.

Екі күнге созылған жыр додасының алғашқы кезеңінде тоғыз жұп сахна төріне көтерілді. Тәуекелге табан тіреп келген жүйріктер алғашқы жұптасуларда-ақ жырдың тиегін ағытты. Көрермен көңіліндегі «жастардың аузынан салмақты ой шыға қояр ма екен» деген мазмұндағы күмәнді ой тұманы әу баста-ақ сейілді. Айшықты сөз, мәнерлі мақам, ұтқыр ой, тапқыр теңеу, өткір сын, астарлы әзіл мен тегеурінді тілек арнасынан асып төгілмесе, кем түскен жоқ. Жалыны мен жігері бар жастар жыр сайысына қойылар талап үдесінен шығып, Қаныш Сәтбаевтың өнегелі өмірін, ел ертеңі үшін қалдырған мол мұрасын, ұлағатты істерін жырға қосып қана қоймай, қоғамдағы керітартпа құбылыстарды, жастар мәселесіне қатысты көкейде жүрген кермек ойдың тығынын ағытты. Шынболат «ізімен» шырайын кіргізе отырып, шындық тұрғысынан шынайы түрде жырлай білді. Ақиқатын айта кету керек, айтыс барысында шындықтың алдаспанындай болған Шынкеңнің ұлттық өнерді өркендетуге қатысты өлшеусіз еңбегі мен дара тұлға ретіндегі қадірі мен қасиеті әдемі әспеттелді.

Әр ақынның өзіне тән таным түйсігінен туындаған оралымды ойлар мен маржан сөз тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, жан сарайын жадыратты.

Алғашқы күні өткен сайысты бағалау мен саралау нәтижесінде келесі кезеңге қатысу құқығы 10 ақынға беріліп, соған сай бес жұп үзеңгі қағыстырды. Бәйге жолында дес бермеуге тырысқан жас «перілер» бұл жолы өзгеше өнер көрсетті. Ұтымды сөз бен тағылымды жырға ұйыған жұртшылық жұптардың сөз таластыруында айтылған небір ойлардың растығын айқындағандай, қиқуға қиқу қосып жатты.
Бәсекеде жеңілген бар, жеңген бар. Бұл – сайыс атаулының бұлжымас заңдылығы. Аз-кем үзілістен соң, қазылар алқасы түйінді тұжырымын жалпыға жариялап, шын жүйріктердің атын атады.

Нәтижесінде арнайы жүлде Шымкент қаласынан келген Рай Дөңбай мен алматылық ару Жібек Шахмарданға бұйырды. Ал, Шынболат Ділдебаев әулеті тағайындаған жүлде иегерлері қатарында Әділбек Бүркітқазы (Қытай), Абдрауф Орал (Шымкент), Айшолпан Тілеутайдың (Семей) есімдері аталды.III орынға тиесілі әрқайсы 150 мың теңге көлеміндегі екі жүлдені керекулік Нұрқанат Қайрат пен жаңаарқалық ақын Сырым Бейсенбеков өзара бөлісті. Қос кезеңде қыз бен жігіт айтысының көркем үлгісін көрсетіп, жергілікті жұртшылықтың құрметіне бөленген жерлесіміз Абзал Мақаш II орынды еншілеп, 300 мың теңге сыйақыны алды. Шығыс Қазақстан облысынан келген Жұлдызай Маратбек I орынға лайықты деп саналды. Оған 500 мың теңгелік сертификат тапсырылды. Тыңдарманды тәмсіл тұнған тамаша жырымен тамсандырған аруға қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерман Тәуелсіздік күні қарсаңында Орал қаласында өтетін «Алтын домбыра» айтысына жолдама берді. Ал, Бас жүлдені (1 миллион теңге) талай айтыстың көзайымына айналып жүрген Жамбыл облысының дүлділ ақыны Қанат Мырзахан жеңіп алды. Бұдан бөлек, ұйымдастырушылар тарапынан жүлдеге ілікпеген ақындарға 50 мың теңгеден сыйақылар тағайындалды.

– Еліміздің әр түкпірінде айтыстар өтіп жатыр ғой. Солардың ішінде ерекше ұнағаны Сәтбаев қаласындағы айтыс болды десем, асылық сөзім емес. Жас ақындар айтысына осыншалықты халықтың жиналуы жұртшылықтың айтысты қаншалықты сүйетіні, өзінің руханиятынан айрылмаған, мәдениетін жоғары көтеріп, Қаныштай, Шынболаттай тұлғаларын төбелеріне көтерген ел екенін көріп өте қуандық. Сөз қадірін өз қадірім деп білген халықтан ешқашан бақ кетпейді деп ойлаймын, – деді Қанат Мырзахан бізге берген сұхбатында.

Шара соңында Жүрсін Ерман сөз алып, екі күн бойы дүбірге бөлеген жыр додасының деңгейін жоғары бағалады. Жүрсін Молдашұлы қала басшысына алдағы уақытта өтетін бәйгеге түсетін ақындарды кенішке түсіру қажеттігін, сонда ғана шынайы өлең туатынын айтып, қолқа салды.

– Ұлытау, Жезқазған даласы – қазіргі үлкен айтыстың туын көтеріп, әруағын аспандатып келген жер. Мұнда сөз қадірін білетін ағайындар тұрады. Бүгінгі айтыс жақсы деңгейде өтті. Қаныштың есімін асқақтатып, ел, ұлт алдындағы орасан еңбегін ақындар жақсы жырлады. Шәкеңнің рухын зор биікке көтере білген ақындарға мың да бір алғыс. Талантты, бесаспап ақын еді. Барлық қырын ашып көрсетті. Ақындар әр жерден келгендіктен, Сәтбаевтың атын естігенімен, қаланың тұрмыс-тіршілігімен таныс емес. Қала әкімі жыл сайын өткіземін деп жатқан соң, бірнеше күн бұрын ақындарды жинап алып, қаланы аралату керек. Кенішке де түсіру қажет. Жер астына түссін. Жүздеген метр жер астына түскен адамның басына неше түрлі ой келеді. Соларды басынан кешіргеннен кейін шынайы өлең туады. Сыйпай қамшылағанмен, халықтың мерейі қанбай қалуы мүмкін, – деген сыңайда әңгіме өрбітті.

Жан-жақтан келіп, жыр жәрмеңкесін жасаған жалынды ақындар додасының қорытынды сөзін қала әкімі алып, дәстүрге енген өнер жарысының жалғасын таба беретіндігін мәлімдеді. Асқар Ыдырысов халықаралық деңгейге көшкен жас ақындар айтысы тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет өткізіліп тұрғанын, оның алғаш рет Қаныш қаласында ұйымдастырылғанын зор мақтанышпен айтты. Сөз соңында шаһар басшысы «Сәтбаев еліміздің рухани ордасына айналсын» деген тілегін жеткізді.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.