Света Шынәділова: «Бүкіл қазақ халқының ашуы мен ызасын, мүддесі мен тілегін білдірдік»

Әйгілі Желтоқсан оқиғасының орын алғанына биыл 33 жыл. 1986 жылдың 16-шы желтоқсанында Алматыда өткен Орталық Комитеттің пленумында Дінмұхаммед Қонаевтың қызметінен алынуы, орнына тысқары жерден басшы келуі халықтың, оның ішінде жастардың наразылығын тудырды. Алматыдан бөлек Қазақстанның басқа қалаларында да өткен қозғалыс бейбіт шерумен басталып, қатаң қақтығысқа ұласты. Жезқазған педагогикалық институтының төртінші курсында оқитын Света Шынәділова сол күндері алаңда болды. Біз ұлт азаттығына өз үнін қосқан қазақтың өршіл қызымен ызғарлы күндер туралы әңгімелескен едік.

– Ол кезде ректорымыз Бектұров деген кісі болды. Жатақханада тұрамыз. Әлі есімде Алматыдан шеруді ұйымдастырушы кісі келіп, бізге пленумның бірегей шешімімен бірінші хатшы тағына Колбинді қойғанын айтқан еді. Аудиторияда соған қатысты қызу талқылау орын алды. Алматыда жастардың алаңға жиналып жатқандығын естідік. Түнімен дайындалып, «Колбинге жол жоқ!», «Бізге қазақ басшы керек» деген плакаттар жаздық. Келесі күні таңғы алтыда қазіргі қала әкімдігінің алдына жиналдық. Бәріміз бір қатарға тұрып алып, алдыға қарай жүрдік. Бізге политехникалық институттың студенттері қосылды. Алаңда ине шаншар орын болмады. Сол жерде митинг өткізіп, жігіттер ортаға шығып, сөз сөйледі. Сол ақ екен, милиция жасағы сау ете қалды. «Тараңдар, тараңдар. Ертең құрисыңдар» деп жатыр. Ортаға шығып ұрандатқан жігіттерді дереу ұстап әкетті. Сонда да тыңдамаймыз. Біразға дейін жүріп алдық. Әбден тоңған соң жатақханаға оралдық.
Елдің ертеңіне бей-жай қарай алмаған жастар Мәскеудің Қазақстанмен санаспай, басшы жіберуін ауыр қабылдап, мұны өз құқығымызды, ар-намысымызды аяққа таптағанмен бірдей санадық. Оның үстіне ұзақ жылдар ұлттық мүддеміз бен құқықтарымыздың аяққа басылуы, өз отанымызда ана тілімізде сөйлеу мүмкіндігінің жоқтығы зығырданымызды қайнатып жүрген болатын. Осының бәрі жиналып келіп, Пленумнан кейін сыртқа бұрқ етті. Жастар да осындай бір сәттің болуын күтіп жүргендей дайын болдық. Біз бүкіл қазақ халқының ашуы мен ызасын, мүддесі мен тілегін білдірген едік. Ертеңінде оқу орнының кәсіподағы шақырып, бізді тергеуге алды. «Ұйымдастырушы кім? Неге қатыстыңдар?» деп сұрақтың астына алды. Шындығымызды айтқанымыз жоқ. Старостамыз Ермеккүл Қалдыбаева: «Жәй шыға салды. Олар білмей барды. Оқудан шығармаңыз» деп бізді жақтап жатыр. Институтта белсенді болдым. Драма үйірмесінің мүшесі едім. Жақсы жағынан көрінгендіктен болар, оқудан шығармады. Бірақ, бір сабақтан үшке шығарып, алты ай шәкіртақыдан қағып, кәсіподақ билетіндегі тіркеу карточкасына «Саяси сауатсыздығы үшін қатаң сөгіс берілді» деп жазып берді. Бұл 1987 жылдың бесінші қаңтары болатын, – деген Света Ермекқызы кейін тұрмысқа шығып, екі баланың анасы атанды. Бүгінде немере сүйіп отыр. Отыз жылға жуық білім саласында абыройлы еңбек етті. Қазір қаламыздағы №1 «Ертегі» балабақшасында орыс тілі пәнінің мұғалімі. Бос уақытында өлең өлкесінің поэзия жайлауына атбасын бұрып, бар сыры мен мұңын ақ қағаздың бетіне төгеді.
– Бұл – біздің ең жанды жеріміз, жүрегіміздегі жара. Желтоқсан оқиғасы сол жылдары қазақ жастары арасында орын алған кең ауқымды патриотизм мен ерліктің нақты үлгісі болды. Онда қаза тап-
қандардың, сотталғандардың, жапа шеккендердің, жалпы қатысушылардың бәрі – халық қаһармандары. Мұны барлық уақытта ашық айтуға тиіспіз. Мұзды алаңда бүкіл қазақ халқының ары мен намысы таразы басына түсті. Желтоқсаншылар сол сынақта халқымыздың ары мен абыройын сақтап қалды. Осыны ұмытпауымыз керек. Себебі, уақыт ұзаған сайын сол күндердің даңқы арта түсері сөзсіз, – дейді ол. Рас.

Комментарии закрыты.