Қазақтың қайсар қыздары

Тарих көшінде сан қилы аласапыранды басынан өткізіп, «мың өліп, мың тірілген» қазақ ұлты қайраткер ұл-қыздарға кенде болмаған. Желтоқсан – күллі кеңестік кеңістіктегі айтулы өзгерістердің бастауы болды. Желтоқсан – қалғып бара жатқан қазақтың қайта оянған ұлттық рухы болды. Сонымен бірге, өршіл намыс пен мұқалмас жігердің, Қайрат, Ербол, Ләззат, Сәбира сынды жүздеген, мыңдаған жастар бейнесінде лапылдап жанған алау іспетті. Зорлықшыл орталық бейбіт шеруге шыққан жастарды зорлық-зомбылықпен тұншықтырып, адамдық құқын, ерік-жігерін аяққа басты. Қаншама жасты қыршынынан қиды, мүгедек еткен жантүршігерлік іс-әрекет көрсетті.

Алаңға барғаны үшін жалаға ұшырап, түрлі жапа шеккендер мен көтеріліске еш қатысы болмаса да зәбір көргендердің жалпы тізімін жасап шығу мүмкін емес. Дегенмен, қайсар қыздарымыздың ерлігін жас ұрпаққа үлгі-өнеге ету парызымыз. Алаңға тек ер жігіттер ғана емес, нәзік жанды, қайсар мінезді қарлығаштарымыздың да қатысқаны барлығымызға мәлім. Жылдан жылға оқиға жайлы зерттеліп, желтоқсан көтерілісінің құрбандарының тізімі толығу үстінде. Арасында ел мен ердің намысын ту етіп қылмыстық кодекс бойынша жазаланған апаларымыз бар.

Сәбитова Жансая Әлкейқызы – Алматыдағы №19 жұмысшы жастар орта мектебінің оқытушысы, 5 жыл.
Салықова Нағима Аскарқызы – Алматы бас киімдер фабрикасының бухгалтері, 3 жыл.
Еспенбетова Қаншайым Мұхатқызы – «Поршень» зауытының токарі, 3 жыл 6 ай.
Махметова Айткүл Әбдірахманқызы – №1 баспахананың жұмысшысы, 2 жыл.
Әбілқайырова Гүлнар Бердіқожақызы – бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 3 жыл.
Панинова Гүлвира Төлебайқызы – бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 2 жыл.
Шамаева Галимат Әбенқызы – бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 2 жыл.
Лепесбаева Гүлнар Сабыр-
ғалиқызы – бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 2 жыл.
Рақымжанова Гүлмира Әкімжанқызы – бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 2 жыл.
Иманбаева Қайыпхан Сұлтанқызы – «Поршень» зауытының токарі, 3 жыл.
Рамазанова Ғалия Файзуллақызы – тігінші-мотористка, 1 жыл (еңбекпен түзеу жазасы).
Мергенова Бақша – мүгедектігіне байланысты жұмыс істемеген, 3 жыл.
Әлиева Раушан – Қарағанды мемлекеттік университетінің студенті, 1 жыл.
Еркінбекова Әлия Төреханқызы – Қарағанды медицина институтының студенті, 1 жыл 6 ай.
Досанова Жанат Әбдірахманқызы – Қарағанды медицина институтының студенті, 1 жыл 6 ай.
Мусина Гүлден Қанафияқызы – Қарағанды медицина институтының студенті, 1 жыл 6 ай.
Сәрсенбекова Раиса Мырзабекқызы – бухгалтер-ревизор, 2 жыл.
Кәрімғазина Гүлжан Ғазизқызы – кооператив техникумының студенті, 1 жыл.
Серекенова Анар Жемісханқызы – Заң техникумының студенті, 1 жыл 6 ай.
Айтжанова Жанат Нәукенқызы – пединституттың студенті, 1 жыл 6 ай.
Шынықұлова Ләйлә Бекенқызы – пединституттың студенті, 1 жыл еңбекпен түзеу жазасы.
Шоқаева Ғалия Құдысқызы – жатақхана вахтері, 2 жыл.
Мусина Мәншүк Жанатқызы – юристік техникумының студенті, 1 жыл 6 ай қара жұмысқа жіберілген.
Мұхамеджанова Сәбира Есімбекқызы – Орынсыз қорлау мен жала жабу, тергеуге шыдай алмай барлығын ұйымдастырған мен деп мәлімдеп, жатақхананың бесінші қабатынан секіріп, мерт болады.
Асанова Ләззат Алтынайқызы – Желтоқсан көтерілісінің құрбаны.
Бұдан бөлек Асымбекова Рысты Мұрзайқызы, Елеусінова Зәуре Чкалқызы, Қадырова Гүлзина Дүйсеханқызы, Әбішева Бибізада Есетқызы, Исманғужинова Зейнаш Мадыханқызы, Сейітова Лаура Қожмұханқызы, Ішлікова Бағдагүл Ансызбайқызы, Досынбекова Гүлжами, Кубеева Гүлназ Асқарбекқызы, Мұрзатаева Ғалия Қасымқызы, Медетбаева Райгүл Сабыржанқызы, Алиақпарова Жайнат Қасымқызы, Мұқанова Райхан Қимұқанқызы, Тойтаева Гүлмира.
Қазақ жастарының серпілісі азаттық қозғалысы шежіресіндегі ең бір жарқын белес болып табылады. Желтоқсанның қайғысы, қасіреті, мақтанышы, қуанышы қатар келеді. Қуанатынымыз Тәуелсіздікке жеттік, ғасырлық арман орындалды. Түсіне білгенге бұдан асқан бақыт, бұдан өткен бақ жоқ. Уақыт өте келе «Желтоқсан оқиғасының» шындығы ашылар. Асыл ерлердің, қайсар қыздарымыздың қыршынынан қиылған өмірін, тәуелсіздік жолында тәлкек етілген тағдырын ұмыту мүмкін емес.

Айжан САРИНА,
Орталықтандырылған
кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі.

Комментарии закрыты.