Қалтаны қақпайтын жәрмеңке

Қатарынан 6 жыл ауылшаруашылық және ветеринария бөлімі мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өткізіліп келе жатқан «Ауыл – береке» жәрмеңкесі биылғы қақаған аязда да үзілген жоқ.

«Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер» шағында өткен кезекті жәрмеңкенің бағасы келушілердің көңілдерінен шықты. Теледидардан көрсетіп жатқан Қазақстанның кейбір қалаларымен салыстырғанда, біздің жәрмеңкенің бағасы ең төменгі екенін білдік. Күнделікті көп қолданылатын жуа, сәбіз, картоп, қырыққабаттың келісі 40 теңгеден, әрі сапасы да жақсы болды. Көкөніс пен жемістер де төмен бағамен молынан сатылды. «Хлебопродукты», «Жезқазған Сүт» өз өнімдерін әкімдік бекіткен бағадан асырған жоқ.

Жәрмеңкені аралап шыққан қала әкімі Б.Ахметов жауапты тұлғаларға бағаның тұрақты болуын қадағалауды жүктеді.

– Осы жолы сатуға барлығы 4 ірі қара, 1 жылқы, 5 шошқа еті, 500 л сүт, 50 кг ірімшік, 100 келіге тарта қолдың майы шығарылды. Кейбір арықтау еттердің келісі 400 теңгеден сатылып жатқанымен, сапасы зертханада тексеріліп, сатуға рұхсат етілген. Малдың қыстан шыққан мезгілі ғой, – дейді ауылшаруашылық және ветеринария бөлімінің бастығы Амантай Әбілқасымов.

Қалай дегенде де халыққа тиімді, шығынды ақтайтын, қалтаны қақпайтын жәрмеңке болды.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.