Дайындық күні өтті

№20 «Балақай» бөбекжай балабақшасында осы жолдар авторының ұйымдастыруымен латын әліпбиін игеру мақсатында ұжым арасында дайындық күні өтті. Бұл шара жастармен қатар, егде жастағы ұжымдастардың саналы жетілуіне, өсіп-өркендеуіне, әрқашан рухани жаңғырып отыруын арттыруға арналды.

Елбасымыз өз сөзінде «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешілуге тиіс принципті мәселе. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» – деп, латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін атап өтті. Расымен, латын әліпбиіне көшу маңызды да, пайдалы қадам. Оған жетудің өзінің бірнеше қадамдары бар. Ұстаз болып балаларды үйретпес бұрын, сол қадамдарды өз әріптестеріміз арасында бастауды жөн көрдік.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, біз балабақшамызда барлық ұжымдастарды біріктіріп, дөңгелек үстел құрып, латын әліпбиіне арналған дайындық сабақтарын өткіздік. Арасында әр ұжым мүшесі өз пікірін, ойларын ортаға салды. Дайындық соңында алған білімімізді жетілдіру мақсатында латын қарпінде қазақ тілді диктант алынды. Нәтижелері орташалау болғанымен, ұжымдастардың алға қойған мақсат, ынта, жігерлері көз қуантты. Оның ішінде өзге ұлт өкілдерінің танытқан ерекше белсенділіктері латын әліпбиінің болашақта алға басып, ойдағыдай нәтиже береріне кепілдік бергендей.

Сағыныш АППАЗОВА,
№20 «Балақай» балалар бақшасының қазақ тілі мұғалімі.

Комментарии закрыты.