Тіліміз үшін жасалған игі қадам

Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор дүние. Ол өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір десек қателеспейміз. Сондықтан жазу, алфавит адамзат тарихындағы құнды дүниелердің бірі ретінде келер ұрпаққа мирас болып қалатын байлық.

Осыған дейін қазақ халқы түрлі қаріптерді пайдаланып келді. VIII-IX ғасырлар аралығында араб жазуын қолданса, 1929-1940 жылдарда латын әліпбиін қолданды. Сол замандағы жазба әдебиеттері латын әліпбиі негізінде жазылды. Кейін кирилл графикасына көшіп, қазіргі күні осы графика қолданыста.

Латын әліпбиіне көшу – бұл өткен тарихқа қайта шолу жасап, жаңаның орнына ескіні пайдалану емес, ата-бабамыздан қалған асыл мұраны өскелең ұрпаққа дәріптеп, қайта жаңғырту болып табылады. Не болса да, кез-келген өзгерістің елге тигізер пайдасы бар. Тәуелсіз еліміздің латын әліпбиіне көшуі тегін емес, ел үшін жеке басын сипаттайтын, ешкімге еліктемей ұлттық тілімізді одан әрі нық қалыптастыру мақсатында іске асырылып отыр. Латын графикасына көшу арқылы, шет елдермен байланысу мүмкіндігі жоғары болуына өз септігін тигізері сөзсіз. Әрі қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өмір сүріп, өркениетті елдердің қатарына қосылуға, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері даусыз.

Біз латын әліпбиіне көше отырып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақтылап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Осы тұрғыдан алғанда қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі бір жағынан, қазақ тілінің әлемдік ақпараттық кеңістікке түбегейлі, еркін енуіне, екінші жағынан Қазақстандағы ақпараттық және коммуникативтік технологиялардың кең таралуы мен дамуына мүмкіндік береді. Сондықтан, латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда маңыздырақ.

Мектебімізде латын әліпбиіне көшуге байланысты іс-шаралар да басталып кетті. Атап айтсақ, әліпбидегі 32 әріптің таңбалануын, әріптердің айтылуы мен жазылудағы ерекшеліктерін үйрене бастадық. Сөздердің жазылуын үйренуге де дағдыланып жатырмыз. Шағын мәтіндерді оқып үйреніп жаттығамыз. Қыркүйек айында бір мезетте жоғарғы сынып оқушылары арасында «Básekelik qabilet» тақырыбында аудио тыңдалым арқылы латын қаріпімен диктант жаздық. Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, ұстазым, әрі сынып жетекшім Зәмәгүл Көзтайқызы латын әліпбиіне байланысты бір күн бұрын түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Диктант жазу барысында аса қиындықтар болған жоқ. Демек, болашақта латын әліпбиіне көшсек, жастар әліпбиді бірден қабылдап, әрі қарай дамуына өз үлесімізді қосамыз деген сенімдемін. Латын әліпбиіне көшу – тіліміз үшін жасалған игі қадам.

Мадина АСКАПОВА,
№16 мектептің 10 «Ә» сынып оқушысы.

Комментарии закрыты.