Қарағандылық кәсіпорындар үздіктер қатарында

Өткен аптаның жұмасы күні елордада ҚР Президентінің «Алтын Сапа» сыйлығы байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Қарағанды облысының бес кәсіпорны осы республикалық байқау жеңімпаздарының тізіміне енді.

Атап айтқанда, «Бёмер Арматура» ЖШС ҚР Президентінің «Алтын Сапа» сыйлығының «Үздік индустриялық жоба» номинациясында лауреат атанды. Аталмыш серіктестік Орталық Азияда теңдесі жоқ кәсіпорын. Компания неміс технологиясы бойынша шарлы бекіту арматурасын өндіреді. Өнім мұнай-газ секторында және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында сұранысқа ие. Бес жыл ішінде компания экспортқа шығып, бекіту арматурасын Санкт-Петербургке жеткізеді. Кәсіпорын елдің орталық және солтүстік бөліктерін газбен қамтамасыз ететін мегажоба – «Сарыарқа» газ құбырын салуға арналған жабдықтар өндірісіне қатысады.

Алтын Сапа сыйлығымен қатар «Қазақстанның Үздік Тауары» республикалық көрме-конкурсының, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз-2019» байқауының марапаттары табыс етілді. Мұнда үміткерлер «Іскерлік Жетілдіру», ALTYN OIMAQ, «Іскер», «Ұлы Дала Елі», «Қазақстанның үздік тауары», «Парыз», «Алтын Сапа» сияқты 6 сыйлық бойынша марапатталды. Солардың қатарында қарағандылық «Шахтерское» ЖШС «Іскер» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының арнайы сыйлығына ие болды. 2001 жылы құрылған компания қазір Қарағанды облысының ірі агроөнеркәсіптік кешендерінің бірі болып табылады. Оны инвестициялық көшбасшы деп тануға болады. 2019 жылы серіктестік өндірісті дамытуға 1,7 млрд теңге салды.

«Іскер» сыйлығымен қарағандылық тағы бір танымал компания – «Нәтиже» сүт фабрикасы» ЖШС марапатталды.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық байқауы да қарағандылық кәсіпорындардың еңбегін мойындады. Жеңімпаздар қатарында металлургиялық өндіріс қалдықтарын – домна шлактарын өңдеуші «АлбаСтройДор» ЖШС және жеңіл өнеркәсіп саласының көшбасшысы – «ПИК Ютария LTD» ЖШС бар.

Естеріңізге сала кетейік, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» байқауы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚР Энергетика министрлігімен, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен, ҚР Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп 10 жылдан астам уақыт өткізіп келеді.

Ал, 2015 жылдан бастап ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған байқауды және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауын ұйымдастырушы «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы болып табылады.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.