Еңбегімен ер атанды

Шығыс Жезқазған кеніші №73/75 шахтаның №31 учаскесінің алтыншы разрядты проходшысы Тұрсынбек Мақышев еңбегімен ер атанды. Тәуелсіздік күніне орай Ақордадағы салтанатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Тұрсынбек Шамбылұлына «Қазақстанның еңбек ері» атағы берілді.

Ол Сәтбаев қаласындағы №108 кәсіби училищесін дәнекерлеуші мамандығы бойынша аяқтағаннан кейін алғашқы еңбек жолын Батыс Жезқазған кенішінде таукен жұмысшысы болып бастады. Бұл тоқсаныншы жылдардың басы болатын. Басшылық жұмсаған жерден қалмай, ауыр еңбекке төселді. Кейін Шығыс Жезқазған кенішінің №57 шахтасына ауысып, шефслесарь ретінде жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқара білді. Тоқсан жетінші жылы №5 өндіру учаскесінде бұрғылаушы ретінде атақты Виктор Архиповтың бригадасында табыс тайқазанын тасқындатты.

– Өндіріске келгенде Володя Ганзвенд, Қанат Кенжебеков, Әлиасқар Айманов секілді аға буын тәлімгерлерден тәрбие алдым. Шешуі қиын күрделі технологиялық түйіндерді зерттеп, көп нәрсе үйрендік. Олардың бар өмірі өндіріспен байланысты екендігін болашақ кәсібіме басыбайлы бетбұрыс жасаған кезде білдім, – деген өз ісінің шебері басшылық жұмсаған жерден қалмай, ауыр еңбекке біртіндеп төселді. Екі мың бесінші жылы қазіргі еңбек ұжымында проходшы ретінде жұмысқа кірісіп, қуатты техникалардың тілін меңгере түсті. Екі мың жетінші жылдан бригадир ретінде соңынан ерген жастардың бір тобын қалыптастырды. Жер астындағы жұмыс барысымен етене таныс, кенші кәсібінің қыры мен сырын жақсы білетін ол техниканың тоқтаусыз жүруі, кен өндіру процесін табысты атқаруға техникалардың дайындығы, бұрғылау, аттыру, төбе бекіту, тиеу, тасу жұмыстарының жүйелі жүруін ұйымдастырып, үйлестіріп отыру міндетін мінсіз атқарып жүр. Табыс тетігі жұмыс көлемінің жеткілікті болуында екендігін әбден түсінген. Осылайша, Мақышевтің бригадасы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС құрылымдары арасындағы еңбек бәсекесінде топ жарып, талай рет еңбек додасында бәйге алды. Өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбек қорғауды қамтамасыз ету байқауларында «Үздік ұжым» атанды.

– Бұл талай жылғы тәжірибенің, ұзақ уақыт төккен тердің нәтижесі. Жоспарды дер кезінде орындап, мінсіз жұмыс атқаруда еңбек озаттарының, еңбек ардагерлерінің қосқан үлесі ұшан-теңіз. Бүгінгі күні бізде онға жуық адам еңбек етуде. Олардың арасында проходканың жөн-жобасын түсінетін білікті мамандар жетіп артылады. Солардың қатарында Бақытжан Сейітмағанбетов, Абырахым Қуаныш, Айдын Сайдалин, Ерлан Қоянбаев, Руслан Бегенов, Бауыржан Сембетов, Думан Майғараев, Рүстем Өтеубаев бар. Олар еңбек өнімділігін еселей түсуге үлес қосып, өндіріс үдерісінің тоқтаусыз жүруін қамтамасыз етуде.

Білікті бригадир үшін адам өмірінен артық ештеңе жоқ. Сондықтан болар, жыл басынан бері оқыс оқиғасыз жоғары көрсеткіштерге жетуде. Төккен тер далаға кетпеді. Еңбек ерінің кеудесінде бүгінде екінші және үшінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісі жарқырайды. Өз ісінен шабыт алған майталман Қарағанды көпсалалы техникумында білімін жетілдірді.

Тұрсынбек Мақышев бригадир ретінде оңтайлы, ұтымды шешім қабылдау шеберлігімен ерекшеленді. Жастардың біліктілігін ұштап, тәжірибесімен бөліседі. Арасында апатты жағдайдың алдын алып, қырағылық та таныта жүреді. Негізі Мақышевтарды «Кеншілер әулеті» деп атауға толық негіз бар. Ағалары Қадырбек пен Назымбек ұзақ жылдар өндірісте тер төксе, бауыры Қайырбек Анненск шахтасының озаты. Зайыбы Эльмира Иосифқызымен бірге үш балаға тәлімді тәрбие берді. Немере сүйіп, қызығына бөленді.

– «Қазақмыс» басшылығы өндірісшілердің жағдайын жақсартып, еңбек өнімділігін арттыруда бар мүмкіншілікті жасауда. Тек, еңбекке деген адал ниет пен құлшыныс керек. Бұрынғы «жер қойнауындағы пайдалы қазбалардың күні жетіп, түгіесіледі» деген қауіп қазір сейілді. Зерттеу барысында қуаты әлі отыз-қырық жылға жететін қор бары анықталды. Қуанарлық жайт. Себебі, өңіріміздің күнкөріс көзіне айналған өндірістің тынысы ашылған сайын халықтың тұрмыс-тіршілігі түзеле бермек. Біз еңбегімізді елімізге арнаймыз. Президент айтқандай, «еңбек адамы әрқашан құрметке лайық». Сол құрмет төрінен өз орнымызды алдық деп ойлаймын,– дейді ол.

Кен өндіру – бұл нағыз ерлердің ісі. Қарапайым өндірісшінің еңбектегі жеңісі осының дәлеліндей.

Мейрамгүл САЯЖАН.

Комментарии закрыты.