Табысы төмен азаматтарға кредит берілмейді

Бұл туралы депутаттар сауалына жауап берген Ұлттық банк хабарлады.

Қазіргі кезде Ұлттық банк азаматтардың шамадан тыс көп кредит алуына жол бермей, халық арасында тұтынушылық несилердің өсу қарқынын қадағалау үшін реттеу шараларын іске асырып келеді.
2019 жылдың 3 шілдесінде Қазақстан Республикасының президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Ол бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап халыққа қарыз беретін барлық заңды тұлғаларға қатысты реттеу мен қадағалау енгізіледі.

Осылайша, кредит беруші барлық субъектілер реттелетін бір алаңда жұмыс істеп, қарыз алушыларды қорғау бойынша талаптардың толық спектрін сақтайтын болады, – делінген хабарламада.
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қарыз алушылардың борыштық жүктемесін есептеу тәсілдері өзгереді. Табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салынады. Сондай-ақ, банктердің меншікті капиталының жеткіліктілігіне қойылатын талаптар күшейтілді. Бұл банктердің кепілсіз тұтынушылық несиелерді, әсіресе, кірісі төмен азаматтарға беруіне экономикалық ынтасын төмендетеді, – дейді Ұлттық банк.

Сонымен қатар, жеке тұлғалардың мерзімі 90 күннен асып кеткен барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша тұрақсыздық айыбын және комиссияларын есептеуге тыйым салу бойынша заңнамалық актілерге түзетулер әзірленді. Осы арқылы кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша берешектің тұрақты өсуі шектелетін болады.

Комментарии закрыты.