Қазақтың маңдайдағы қос жұлдызы

Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров — қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры (1988), Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы (1995), техника ғылымының докторы (1998), профессор (1997), Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрметті профессоры. Т.Әубәкіров 1946 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында өмірге келген.

Ол кез соғыс жаңа бітіп, батырлықты, ерлікті уағыздаған уақыт болатын. Әкесі Оңғарбай мен шешесі Қамия көзге көрініп, көз жұмған 9 ұлдан кейінгі перзентіне «енді осы жаманымыз аман болсыншы» деген ниетпен азан шақырып, Тоқтар есімін беріпті. Ата-анасы ерте дүние салды. Кішкентайынан ата-анасынан айырылғаннан ба, Тоқтар бұйығы, оқшау өсті. Ол апасы Бикен мен жездесі Нығметтің тәрбиесінде болды.

1962-65жж. Теміртау құйма механикалық зауытында токарь болды. Есімі облыстық Құрмет кітабына алтын әріппен жазылды.

Ресей Федерациясындағы Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін (1969), авиация институтын бітірген (1979). 1969 — 75 жылдары Әскери-әуе күштерінде ұшқыш, звено командирі, эскадрилья командирінің орынбасары. 1976 — 1992 жылдары Мәскеудегі Тәжірибелік конструкторлық бюроның ұшқыш-сынақшысы міндеттерін атқарды. Ол реактивті ұшақтың елуден аса жаңа түрін сынақтан өткізді. 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынды. 1991 жылы 2 қазанда Байқоңырдан “Союз ТМ-13” кемесімен ғарышқа ұшты.  Ғарыштан оралған соң Қазақстандағы ғарыштық зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға белсене араласты. Ол 1992 — 93 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 1-орынбасары, 1993 — 94 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық аэроғарыштық агенттігінің бас директоры — Ғылым және жаңа технология министрінің орынбасары. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты — Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болды.

Мұсабаев Талғат Амангелдіұлы 1951 жылы 7 қаңтарда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылында дүниеге келген. Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының ұшқыш-ғарышкері. Рига азаматтық авиация инженерлері институтын 1974 жылы және Ақтөбе жоғары ұшқыштар училищесін 1993 жылы бітірді. Алматы облысындағы азаматтық авиация әуе қатынастарының Боралдай авиаотрядында инженер болды. 1986 жылы азаматтық авиацияның 30-оқу жаттығу дайындығын бітіріп, азаматтық авиацияның пилоты мамандығын алды.

1987 жылдан АН-2 ұшағының 2-пилоты, командирі болды. 1989 ж. Ульяновск (қазіргі Тольятти қаласы) қаласындағы ұшқыштар, диспетчерлер және инженерлік-техникалық кадрлар дайындау орталығын бітіріп, Алматы біріккен авиаотрядының 1-ұшу отрядында ТУ-134 ұшағының 2-пилоты болды. 1990 ж. Ю.А.Гагарин атындағы ғарышкерлер дайындау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісті.

1991 ж. Т.Мұсабаевқа «Ғарышкер-сынақшы» квалификациясы берілді. 16-негізгі бағдарлама бойынша 1994 ж. 1 маусымнан 4 қарашаға дейін «Союз ТМ» ғарыш кемесінде борт-инженер ретінде ғарышта болды: 2 рет ашық ғарыш кеңістігіне шықты. Ұшу кезінде қазақстандық ғылыми зерттеулердің 2-бағдарламасын орындады. 25-негізгі экспедиция бағдарламасы бойынша 1998 ж. 29 қаңтар мен 25 тамыз аралығында «Союз ТМ-27» және «Мир» ғарыш кемелерінің кеме командирі ретінде ғарышта болды.

2001 ж. 28 сәуір мен 6 маусым аралығында «Союз –ТМ-32» ғарыш кемесімен Халықаралық ғарыштық стансасына барған бірінші экспедициясының экипаж командирі. Бұл ұшу кезінде ғылыми-зерттеулер мен эсперименттердің қазақстандық 4-бағдарламасын орындады.

Мұсабаев ұшақ спортынан Қазақстан құрама командасы құрамында өнер көрсетті, КСРО чемпионы. Гимнастикадан Латвия құрама командасының құрамында жарыстарға қатысты. Гимнастикадан және ұшақ спортынан КСРО спорт шебері.

Талғат Мұсабаев Қазақстан Республикасының «Халық қаһарманы» және Ресей Федерациясының Батыры, «Отан», «Халықтар достығы», 3-дәрежелі «За заслуги перед Отечеством» (Ресей) ордендерімен, NASA-ның «Ғарышқа ұшқаны үшін» медалімен марапатталды.

Интернет материалдары негізінде дайындаған М.ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.