«Бейбіт өмір сақталсын»

Баланың тілі – бал. Сол себепті бүлдіршіннің былдырлап сөйлей бастағанын қызық көреміз. Балдырғанның әсіресе таңдайы тақылдап тақпақ айтқаны да ерекше сезім тудырады. Елдің келешек ұланы «Менің Қазақстаным» деп қолын кеудесіне қойған кезде тұла бойымызды мақтаныш сезімі кернейтіні рас. Өткен аптада бір топ бүлдіршін елдің ұлық мерекесі Тәуелсіздік күніне арналған тәрбие сағатында жүректерге осындай сезім ұялатты.

№19 мектеп-лицейінің ашық есік күнінде білім ордасындағы шағын орталықтың тәрбиеленушілері «Тәуелсіз Қазақстаным» атты сынып сағатын ұйымдастырды. «А» тобында тәлім алатын барлығы 27 бүлдіршін туған Отанына, ел мен жерге қатысты тақпақтарын ата-аналар алдында оқып, көңіл сүйсіндірді. Қолдарын кеуде тұсына қойып, елдің әнұранын емеурінмен шырқады. Орталық жетекшісі Әлия Алжаппарованың ел тарихына қатысты сауалдарына мүдірмей жауап берді. «Тәуелсіз Қазақстаным» әнін орындап, би де биледі. Тәрбие сағатын «Ақ көгершін» әнімен қорытындылады.

– Тәуелсіздік – қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан, оны өскелең ұрпақ қастерлеп, кие тұтуы қажет. Сабақ барысында оқушылардың санасына сіңіруіне, елдікті насихаттауға тырысамыз. Орталықта тәрбиеленушілер қазірдің өзінде өздерінің қабілеттерін байқатып жатыр. Таяуда мектебімізде шағын орталық, даярлық сыныбы және 1 сынып оқушылары арасында Әнұранды орындаудан өткен жарыстан 1 орын иеленді. Барлығы болашағынан зор үміт күттіретін балалар, – дейді Әлия Дәуленбайқызы.

***

Осындай тақырыпта №27 жалпы білім беретін орта мектебінің шағын орталығында да тәрбие сағаты өтті. Бүлдіршіндер жыр жолдарын туған еліне жолдап, әуезді ән шырқады. Орталық мұғалімі Алтынгүл Жалғасбаева ұйымдастырған сынып сағатында онымен қоса елдікті насихаттайтын көріністер қойылып, көпшіліктің көңілінен шыға білді.

Әли МҰҢАЙТПАС.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.