Әйелдерге қатысты мәселелер талқыланды

Сәтбаев қаласы әкімдігінің жанынан құрылған әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссия мүшелерінің дені қатысқан отырысқа қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева төрағалық етіп, жүргізді.
Күн тәртібінде «Сәтбаев қаласының IIБ-нің әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күресу жөніндегі жүргізіліп жатқан жұмысы», «Оқу мекемелерінде трафик пен зорлық-зомбылық мәселелерін жою жөніндегі ақпараттық-насихаттау жұмысын жүргізу», «БАҚ арқылы зорлық-зомбылықсыз қоғамды насихаттайтын әлеуметтік жарнаманы орналастыру» және «Сәтбаев қаласында әйелдер көшбасшылығын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмысы мен әйелдер көшбасшылық мектебінің 2012 жылға арналған жұмыс жоспары» туралы мәселелер қаралды.
Алғашқы мәселеге орай комиссия мүшесі, Сәтбаев қаласы Ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары А.Каримовтың мәліметі тыңдалды.
Үстіміздегі жылдың І тоқсанында әйелдерге қатысты 52 құқық бұзушылық және қылмыс фактісі тіркелген. Отбасындағы ұрыс-жанжал, ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген қызғаныш сезімі – қылмысқа барудың басты себептері болған. Талдай келе, зорлық- зомбылыққа ұшыраған әйелдердің басым көпшілігінің қолы бос, жұмыс істемейтіндігі анықталған. Осы өткен 3 ай ішінде әйелдерге қатысты құқық бұзушылық пен қылмыстардың, отбасы тұрмыстық саласындағы зорлық-зомбылық пен адам саудасының алдын алу үшін ІІБ-нің ҚҚБ-нің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі тобының және учаскелік полиция инспекторларымен, қалалық білім, денсаулық сақтау бөлімімен біріге отырып бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Ақпан, наурыз айы бойы «отбасында жанжал шығаратындар», «маскүнем» санаты бойынша профилактикалық есепте тұрған тұлғалармен тұрғылықты жері бойынша профилактикалық әңгіме өткізілді.
Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа бейім адамдармен жеке профилактикалық жұмыс атқаруға бағытталған жүйені қалыптастыру мақсатында Қарағанды облысы бойынша «Зорлық-зомбылықсыз үй» атты акция өткізілді. Акцияға қатысуға жергілікті атқарушы, прокуратура, білім беру, денсаулық сақтау органдарының, сондай-ақ «Нұр Отан» ХДП филиалдарының өкілдері тартылды. Декада өткізу барысында ҚҚБ-нің учаскелік полиция инспекторларымен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі тобының инспекторларымен бірігіп, білім мекемелерінде және еңбек ұжымдарында әңгімелесулер, дәрістер, рейдтік іс-шаралар өткізілді. Есепте тұрған және қорғау нұсқамасы шығарылғандар тұрғылықты жері бойынша тексеріліп, профилактикалық әңгімелесулер жүргізілді.
Отырыста екінші мәселе бойынша білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері А.Танабаева хабарлама жасады.
Мекемеде балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың және қатыгез қараудың алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар жоспары жасалған. Осы жоспар негізінде мектепішілік жоспарлар жасалынып, нақты істер атқарылуда.
Қадағалауды талап ететін оқушылар, КЖТІЖТ есебінде тіркелген жайсыз отбасындағы балалардың тізімі бекітіліп, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың және қатыгез қараудың алдын алу мақсатында әр мектеп ұжымында тәрбие ісінің меңгерушілері, психолог, әлеуметтік педагогтардан топтар құрылған.
Барлық білім мекемелерінде кәмелеттік жасқа толмаған балалардың қызығушылығын және заңды құқықтарын қорғау сұрақтары бойынша «Сенім телефоны» және «Сенім жәшігі» жұмыс істейді. Балалар немесе ата-аналар тарапынан түскен сұрақтар мен шағымдарды, өтініштерді қарайтын арнайы топ белгіленген.
Ішкі істер органдарының мәліметі бойынша, бүгінгі күнге дейін кәмелеттік жасқа толмағандардан тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген және трафик мәселесімен тіркелген факт жоқ. Осы мәселе төңірегінде №3 кәсіптік лицей директорының орынбасары Т.Идрисованың да хабарламасы тыңдалды.
Ішкі саясат бөлімінің бастығы К.Сағындықова кезекті мәселеге орай атқарылып жатқан ақпараттық-насихат жұмыстарына тоқталды. Алдағы уақытта адам саудасы және зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған бейнероликтер, әлеуметтік жарнамалар дайындап, жергілікті БАҚ-да жариялап тұруды ұйымдастыратынын жеткізді.
Күн тәртібіндегі соңғы қаралған мәселе бойынша қала әкімінің БАҚ бойынша кеңесшісі А.Әбдулиева баяндады. Республика бойынша Қарағанды және Сәтбаев қалаларында ғана құрылған «Әйелдер көшбасшылық мектебінің» жұмысына қысқаша тоқталған А.Әбдуалиева, алдағы уақытта бұл мектептің саяси партиялармен, қоғамдық ұйымдар мен кәсіпкерлермен тығыз байланыста жұмыс істейтінін айтты.
Баяндамашылардың мәліметтері назарға алынып, қоғамда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуды, гендерлік теңдікті және отбасын нығайтуды халық арасында кеңінен насихаттау жөнінде ұсыныстар берілді.
М.Жаппасбаева, комиссия мүшесі.

Комментарии закрыты.