Тәуелсіздік, биік болсын тұғырың!

Осыдан 28 жыл бұрын тарихи таңдауын жасап, мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Республикасы бүгінде беделі биік, құқықтық, дербес демократиялық мемлекет ретінде әлемге танылды. Сан қилы қиыншылықты бастан кешіп, тағдыр талайына мойымай еңселі ел болып қалыптасуы ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың асыл батасымен астасып жатыр. Азаттығын аңсаған елдің рухы бүгінде қайта асқақтап, бай әрі қуатты мемлекеттермен терезесі тең жағдайда түрлі бағытта байланыс жасап, мәмілесетін деңгейге жетті. Мерейлі мереке аясында өткен аптада Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында салтанатты жиналыс өтіп, қала азаматтарының ел дәулетін еселеу жолындағы ерен еңбектері лайықты бағаланды.

Азаттықтың тамыры тым тереңге бойлайды. Ғасырлар қойнауына көз жіберіп-ақ тәуелсіздіктің қандай қиыншылықпен, азаппен келгенін аңғару қиын емес. Өткенін ұмытпаған, батырларын ұлықтаған ұланғайыр атыраптың ұлық мерекесіне арналған кеш №1 мектеп-гимназия ұжымының ҚР Әнұранын орындаумен басталды. Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов жиын басында құттықтау сөз алып, тәуелсіз елдің басты жетістіктерін айтып, шаһарды дамыту бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.

– Тәуелсіздік үшін күрескен ата-бабаларымыздың қайсар рухы, жалынды жігері, азаттыққа ауған аңсары, еңсесі түскен елдің бойын қайта тіктеп тәуекел тұғырына қондырды. Соның нәтижесінде тәуелсіздіктің арайлы таңын көру бақыты бізге бұйырды. Рухы асқақ, тұғыры биік төл мемлекетімізге биыл 28 жыл толды. Біз әлі жас мемлекетпіз. Бірақ, аз ғана уақыттың ішінде өз басқару жүйемізді құрып үлгердік.

Сарабдал саясаттың зор жетістігі, ұлтаралық қатынас пен тұрақтылықты сақтап, тәуелсіздік алған тұста 30 пайыз болған қазақтың санын 70 пайызға жеткіздік. Бұл ақылмен шешілген ойдағы істің бірі, өзекті мәселенің бірегейі еді. Барымызды бағамдап қарасақ, мемлекетімізде жыл сайын жүздеген мектеп, балабақша, аурухана салынып, жолдар жөнделіп жатыр. Қарқынды құрылыс нысандары, биік ғимараттар бой көтеруде. Мысалы, біздің қаламызды алсақ, соңғы 3-4 жылдың ішінде құрылыс көлемі артып, екі шағын аудан бой көтерді. Қала тұрғындарының саны жетпіс мыңнан асты. Қала ішінде жөнделген жолдар сапасы 70 пайызға өсті. Жаңадан №9 орта мектеп ашылды. Былтырғы жылы екі жатақхана қолданысқа берілді. Биыл басталған 56 пәтерлі жалдамалы үйдің құрылысы жақын арада аяқталмақ. Осы жылы Оқушылар сарайының құрылысы басталды. Жыл басынан бері көп балалы аналарға 50-ге жуық пәтер кілті табысталды. Бұл дегеніміз еселі еңбектің нәтижесі, дәйек пен дәлелді қажет етпейтін негізгі факт. Сондықтан, қолда барды бағалап, қадірін түсіну баршамыздың борышымыз. Егемендігіміз ел дамуының негізі болып қана қоймай, төл тарихымызды терең тануға, ұлт санасын жаңғыртып, ұлттық кодты сақтауға жол ашты. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, – деді Асқар Абылайұлы.

Ресми құттықтаудан соң, марапатқа кезек берілді. Алдымен көп балалы аналарға құрмет көрсетілді. Қала басшысы ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың жарлығымен берілген «Алтын алқа» мемлекеттік наградасын Раушан Сламухановаға, «Күміс алқаны» Айгүл Әбішеваға салтанатты жағдайда тапсырды. Осы ретте «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісін қалалық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиялық фракциясының мүшесі, Сәтбаев сумен, жылумен жабдықтау кәсіпорнының басшысы Ержан Тоқымбаев тақса, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі қалалық емхананың отбасылық денсаулық орталығының меңгерушісі Дина Әбікенованың өңірінде жарқырай көрінді. Асқар Ыдырысов сондай-ақ облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны, жаңа қазақстандық қоғам құру ісіндегі жеке еңбек және шығармашылық үлестері үшін Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатын бірқатар азаматқа табыстады. Марапат иелері қатарында Сәтбаев қалалық экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары Шапағат Әубәкір, «НұрТрансСәт» ЖШС директоры Қайрат Балмағамбетов, С.Сейфуллин атындағы гимназияның ұстазы Амангелді Бұқар, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Нағима Сәтімбекова, қалалық емхана басшысының міндетін атқарушы Бибігүл Үсембаеваның есімдері аталды.

Чернобыль АЭС апат салдарын жоюға қатысқан азаматтарға да салтанатты жиында құрмет көрсетілді. Қызметтік міндетін мінсіз атқарғаны, жұмыстағы жоғары жетістігі, мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін берілетін «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен Қабылғазы Әжімов пен Қамбар Жантеміров марапатталса, Виктор Александров, Асқарбек Байтасов, Өмірзақ Байторинге Төтенше жағдайлар Комитетінің мадақтамасы берілді.

Қаламызда көпбалалы аналарға қомақты қолдау көрсетілуде. Жыл басынан бері 50-ге тарта пәтер кілті табысталып, игілікті істер жарасымды жалғасын табуда. Қала басшысы мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде тұрған бірнеше азаматқа пәтер кілттерін табыстады.

Тәуелсіздік дегенде Желтоқсан оқиғасы бірден ойға оралады. Қаншама боздақтарымыз егемендік жолында өмірін қиып, құрбан болды. Біздің қаламызда да бостандық үшін жан беріп, жан алысқан батырлар бар. Кеш барысында Ақсәуле Өтенова мен Армия Есеновке қошемет көрсетіліп, естелік сыйлықтар табысталды.

Қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқан бір топ азамат Сәтбаев қаласының Құрмет грамотасымен марапатталды. Марапатты қалалық мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук жүргізді.

2019 жыл Жастар жылы деп жарияланғалы бері жастарды кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналды. Бұл мақсатта барлық салада жан жақты мүмкіншіліктер жасалып, жеңілдіктер мен қаржылай қолдау жасалуда. Шара кезінде жастар атынан сөз алған спортшы, дзюдо күресінен Азия кубогінің күміс жүлдегері Нұрболат Рахымберлі осылай деп, қала даңқын асқақтату турасында замандастарына ізгі ниетін білдіріп, елдің бейбіт аспанын бұлт шалмасын деген тілек айтты.

Мерекелік кеш жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласып, елдің рухын тіктейтін әндер шырқалып, билер биленді. Жиын үрмелі аспаптар және «Іңкәр сарын» фольклорлық оркестрі, «Ақ әжелер» хор ұжымының орындаған «Қазақстан» әнімен қорытындыланды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.