Өмірлік тәжірибесімен бөлісті

«Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының бастамасымен аға буынның еңбек жолын жастарға насихаттап, тәжірибесімен бөлісу мақсатында «Өнеге» ток-шоуының тұсауы  кесілді. Оқушылар сарайында өткен бұл ток-шоудың алғашқы кейіпкері қаланың Құрметті азаматы, қалалық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Мұхараф Аханов болды.

Ақсақалдың өмірлік тәжірибесі мен мол өнегесін тыңдауға, ақыл-кеңес алуға ұйымның мүшелері, жас мамандар келді.

Мұзараф Аханұлының өмір жолынан сыр шертетін деректермен танысудан басталған жүздесу ашық әңгімеге, ой-пікір алмасуға ұласты. Жастар көкейде жүрген көп сауалға жауап алды.

Қаланың іргетасының қалануы мен гүлденуі жолында аянбай тер төккен ел ағасы әңгіменің басын жастық шағынан бастап,  әділетсіздікпен күресе жүріп жеткен жетістіктерін, залдағы тыңдаушылардың өтініші бойынша өнегелі отбасы жайында әңгімелеп берді.

Ақсақал, сонымен қатар, рухани тәрбие мен ұлттық құндылықтар тұрғысында да жастармен ой бөлісті.

Бүгінгі қоғамда  ақ пен қараның жігін ажыратып, ашық айтатын жандардың қатарында көш бастап тұрған Мұзараф ақсақал әділдікті, шыншылдықты жастайынан жанына серік етті. Адамның құнды қасиеттерін бұзбай, өзгелерге де үлгі болып келеді.

Өмір жолында көрген  кедергілерден оны қайсарлығы мен өр мінезі екі жақтап алып шықты. Сол қайрат-жігер оны елге танымал азамат, еңбекте абыройлы жан, отбасында асқартау әке атандырды. Бақытын әділетсіздікпен күресе жүріп тапты. Ол шын мәнінде бақытты.  Ақсақалдың өмір жолынан жастар осыны кеуделеріне түйіп қайтты.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.