Жасыл шырша жанындағы жақсылық

Қайырымдылық – жанға жылулық сыйлайтын ізгі амалдардың негізі. Мұқтаж жанға мейірім көрсету, жанашырлық таныту адамгершілік асыл қасиет болып саналады. Жуырда жаңа жыл қарсаңында бірқатар кәсіпорын қайырлы істер жасап, қамкөңіл жандарға демеу болды. Тұрғындарды электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған «Қазэнергоцентр» ЖШС да аз қамтылған отбасы балаларына жаңажылдық көңіл-күй сыйлады.

Жаңа жылдан әр адам ерекше үміт күтеді. Жаңаша тілектер мен ізгі ниеттер тоғысатын бұл мерекеден бүлдіршіндер де тосын қуаныштан күдерін үзбейді. Биылғы мейрамда аз қамтылған отбасылардан барлығы 25 бала жасыл шырша жанында бас қосты. Іргелі кәсіпорын «Қазэнергоцентр» ұжымы жылдағы дәстүрге сай оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін жарасымды жақсылықтың нышанын сездірді. Оқушылар сарайында өткен шырша тойында танымал мультфильм кейіпкерлері балалармен түрлі ойындар ойнап, би биледі. Жаңа жылдың басты кейіпкерлері – Аяз Ата мен Ақшақар тосын сұрақтар қойып, қызыққа бөледі. Кеш соңында ұйымдастырушылар балаларға тәтті сый-қоржындар үлестіріп, қуанышты еселеді.

– Біз бұқаралық мерекелерді көпшілікпен бірге атап өтуде тыс қалмауға тырысамыз. Наурыз, Құрбан айт мейрамдарында да осындай кештерді ұйымдастырамыз. Бұл жолы аз қамтылған отбасы балаларының тізімін қалалық әкімшіліктен алып, оларды жасыл шырша жанына жинадық. Алдағы уақытта мұндай кештер жалғасын табатын болады.

Бүгінгі таңертеңгілікке қатысқан балалардың көңіл-күйлері көтеріңкі. Оларға жаңа жыл қарсаңында жылылық сыйладық. Ата-
аналар да дән риза. Бастысы бүлдіршіндеріміздің дені сау болғанында. Жаңа жыл баршамызға берекелі болсын, – дейді «Қазэнергоцентр» ЖШС Жезқазған, Сәтбаев қалалары бойынша бөлім басшысы Малика Жалиева.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.