Шырша тойы шаттандырды

«Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы балалар үшін жаңа жылдық кеш ұйымдастырды. Оған филиал төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Шыңғысов арнайы қатысты.

Балдырғандарды Жаңа жылмен құттықтай келе, қуанышқа ортақтасып, шырша шамын жағып берді.

– Сендер берекелі, бейбіт елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Халқымыз «өсер елді өскелең ұрпағынан таниды» деп бекер айтпаған. Ата-ананың үкілеген үмітін ақтайтын, туған еліміздің асқақ рухын сақтайтын да сендер. Сондықтан, ақылды да алып, зерделі де зерек болғандарыңды қалаймыз. Бәріңе мол иігілікті жарқын болашақ тілеймін. Жаңа жылда армандарың орындалып, тәуелсіз елімізбен бірге өсіп, өркендей беріңдер! – деген ізгі тілегін жолдады.

«Керемет» мейрамханасында өткен мерекелік қойылымда «Шырша» әні шырқалды. Бүлдіршіндердің тілегін орындап, сыйлық үлестіруге Аяз ата мен Ақшақар келді. Сондай-ақ, ертегі кейіпкерлері де осы кештен табылды. Осы тектес шырша тойы Жезқазған қаласындағы «Тұран» мейрамханасында да ұйымдастырылып, жалпы алғанда мыңға жуық баланы шаттыққа бөледі.

Мира ШАХАТ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.