Ұлы өнердің көрмесі

Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихи мұражайы мен Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайы бірлесіп осымен екінші жыл қолөнер көрмесін ұйымдастырды. Бұл көрме-жәрмеңкеге Жезді мұражайының 70-ке жуық жәдігерлері мен Жезқазған, Сәтбаев қалалары шеберлерінің дүниелері қойылды.

Сәуір айының аяғына дейін өз көрермендеріне есігін айқара ашқан көрменің салтанатты ашылуын ішкі саясат бөлімінің бастығы К.Сағындықова жасап, көрменің жұмысына сәттілік тіледі. Ата-баба мұрасын оқып қана қоймай, көріп, қолмен ұстауға мүмкіндік тудырып отырған ұйымдастырушыларға, шеберлерге білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Ш.Жанасылова алғысын жеткізді.

Көзі тірісінде қаламызға танымал болған шебер, іскер Жарқын Қорғанбаеваның қызы Ағайша Қорғанбаева, жезділік Садуақас ұстаның баласы Бектұр Бостыбаев, Жезқазған өнер мектебінің оқытушысы М.Битанова шығып сөйлеп, қазақтың төл тума мұрасын насихаттап, сақтап қалуға жаны ашып жүрген жандарға ризашылықтарын білдірді. Жезқазған қаласындағы Т.Әубәкіров атындағы өнер мектебінің оқытушысы, Алматы қаласында өткен халықаралық көрмелердің үш дүркін лауреаты, Қарағанды, Жезқазған қалаларында ұйымдастырылған бірнеше көрмелердің жүлдегері Т.Ширинаның туындылары көрермендердің қызығушылығын тудырды. Халықаралық «Артфлора» шығармашылық қауымдастығының мүшесі, флорист-дизайнер Тамара Васильеваның ағаштың қабығын қолдана отырып жасаған композициялары, талдан өрген қайталанбайтын мүсіндері таң қалдырмай қоймайды. Табиғат пен адамды байланыстыра отырып жасаған ғажап көріністер асқан шеберлікпен, құштарлықпен бейнеленген. Ал, моншақпен, қағазды пайдаланып әр түрлі дүниелер жасайтын жерлесіміз Николай Шуваевтың қызықты туындылары да көздің жауын алады. Шебердің көптеген жұмыстары Германия асып, Астана, Қарағанды, Өскемен қалаларының көрмелерінде тұр.

Өңірге танымал ұста, ақын Қасен Қожасовтың күмістен, металлдан, сүйектен жасаған бұйымдары және өзі пайдаланған көне станогі, тігіншілер Л.Бөлекбаева, С.Битенованың қолдарынан шыққан әр ұлттың киімдері, жеке авторлық идеямен ұлттық бағытта жасалған К.Мизанбаева мен С.Нұрманованың қолданбалы бұйымдары көрменің төрінен орын алды. Кезінде республикаға танымал болған айтыскер ақын Ағайша Қорғанбаева анасынан қалған киіз үйдің ішкі әбзелдерін жайып, моншақтап өрген, жүннен иіріп тоқыған жасаулардың тарихынан мағлұмат берді.

Шеберлер өз бұйымдарын таныстырып қана қоймай, олардың жасалу тарихынан шеберлік мектебін көрсетті.

– Біз бұл көрмеге басқаша бағытта, яғни музей қорын емес, жергілікті шеберлерді көрсету үшін келдік. Жақында мұражайда шеберлер фестивалін өткізгенбіз. Фестиваль аясында ғылыми-іздестіру нәтижесінде іздеп табылған дүниелер мен ұста, шеберлерді халыққа таныстыру үшін алып келіп отырмыз. Қазақтың төл тума мұрағатын, солардың технологиясын насихаттау, шығу тарихын болашақ ұрпаққа жеткізуді мақсат еттік, – дейді Жезді мұражайының директоры Зейпін Қазанбаева. Қолданбалы қолөнер жәрмеңкесіңде қатысушыларға Ш.Ділдебаев музейінің директоры Г.Жиеналиева көрермендер атынан алғысын айтып, бірлескен жұмыстарына табыс тіледі.

Халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, рухани және мәдени мұраларын сақтау, қалыптастыру, жетілдіру жөнінде Елбасымыз Н.Назарбаев жиі айтып жүр. Бұл көрме-жәрмеңке осы тапсырманың орындалуына қосылған кішкене де болса бір үлес деп білеміз.

Сәуірдің соңғы күнінде көрменің жабылу салтанаты өтіп, шеберлік мектебі  көрсетілетінін естеріңізге саламыз.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.