Біз – отыздамыз

«Мен жүз найзадан гөрі үш газеттен қорқам!» депті Наполеон. Ұлы жиһангер сөзінің бүгінгі тілдегі тағы бір баламасы – «Газетпен шенеунікті де, шыбынды да ұрып өлтіруге болады»…

БАҚ-тың қиратушы күш бола алатындығы тарихтан мәлім. Айбынды кеңес өкіметінің түбіне де бұқаралық ақпарат құралдары жеткен. Сексенінші жылдардан бастап Батыстың технологиясымен жұмыс істеген бірсыпыра газет-журнал алып мемлекеттің шегесін әбден босатты.
Сол инерция біраз уақытқа дейін созылды. Оқырман санасында біреуді «сойып салған» газет қана мықты деген ой мықтап орнықты. Қоғам байсал тартқан сайын бұл түсінік те сейіліп келеді…
Тәуелсіз қазақ мемлекетінің түтіні түзу ұшқаны ең алдымен қазақ тілді БАҚ-қа керек. Сол ниеттегі БАҚ-тың ішінде «Шарайна» да бар. Бүгінде орда бұзар 30 жасқа толып отырған басылым билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір болуға барын салып келеді. Сөйте жүріп кенді қаланың келер ұрпағына кемелді жылнама да жазып қалдыруға күш салуда. Осы жолда тер төгіп, терлігі кеппей жүрген жайы да бар.
Бір қынжылтаныны, «Шарайнаны» биліктің газеті деп тыжырынатындар бар. Біз биліктің басылымы болғанымызға ұялмаймыз, керісінше мақтанамыз. Өйткені, біздің түсінігімізде Билік пен Халық бір ұғым. Кешегі кеңестік дәуірде түсімізге де кірмеген жаңашылдықтарды ел көріп жатыр. Оған қол жеткізіп отырған кім? Билік! Кешегі Жібек жолын жаңғыртып, шығыс пен батыстың арасын жалғайтын күре жол – темір жолды салған кім? Билік! Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға сансыз жеңілдіктер ұсынып отырған кім? Билік! Арқаның топырағында туып, өңірдің даңқын алысқа әкеткен талайлы ұл-қыздарын ұлықтап жатқан кім? Билік!
Билік бұдан да басқа шаруаларды тындырып жатыр. Ендеше, халықтың қызметшісі (!) болып отырған Биліктің сөзін сөйлеу дегеніміз – халықтың сөзін сөйлеу емес пе?! Бұдан біз неге ұялуға тиіспіз?..
«Шарайна» биыл 30 жылдығын атап өтпек. Осынау мерейтой қарсаңында газетіміздің таралымы өткен жылдағыдан едәуір өсіп қалды. Екі мыңға жуықтадық. Ешкімнің үгітінсіз, ешкімнің «күштеуінсіз» жазылды ел. Ықтиярымен жазылды. Халықтың әлі де болса газетке деген ықыласы бөлек екенін аңғардық. Бұл бізге ерекше күш-жігер сыйлады.
«Шарайна» кеншілер қаласының жылнамасын жазып келе жатыр. Жеткен жетістігіміз де, жіберген кемшілігіміз де көз алдарыңызда, қадірлі оқырман. Берілген мүмкіндіктер шеңберінде өздеріңізге қызмет етіп келеміз. Заман ыңғайына сай газеттің дизайны өзгеріп, мазмұны байып келеді. Қаламыздағы саяси-экономикалық, рухани-мәдени шаралардың барлығының идеологиялық ұстынын біз жасап келе жатқанымыз өздеріңізге аян. Бұрынғы айдарлар жаңарып, жаңалары дүниеге келіп жатыр. «Ақбаян» ашық әңгіме алаңына айналды. «Жастар КZ» келешектің кем-кетігін түгендесе, «Соңғы бет» қаланың мәдени өмірін толық қамтып келеді. Орыс тілді беттердің оқырмандары тіпті көп…
Биылғы жылдан бастап көп уақыт шықпай қалған газеттің төл айдарларын тұрақты беріп тұруды қолға алмақпыз. Олардың қатарында «Сіз не дейсіз?», «Айтарым бар», «Шытырман оқиғалар отауы» сияқты арнаулы беттер мен айдарлар Сіздердің іздеп жүріп оқитын дүниелеріңізді жазатын болады. Елдің, жердің тарихын тереңдей қаузайтын айдарлар мен тың тақырыптар да газет беттерінен орын алып, апта сайын кезек-кезек шығып тұратын болады.
Әрине, қазір газет-журнал көп. Әйтсе де, Сіз таңдаған газет-журналдың басында «Шарайна» тұрғанын қалайтынымызды да айтқымыз келеді. Өз кезегімізде сіздің көңіліңізден шығуға барымызды саламыз.
Биыл жазылу бағасының сәл қымбаттағаны рас. Өйткені, баспаханаға, басқа да қажеттіліктерге кететін шығындар көлемі артып отыр. Соған қарамастан газетке жазылушылар саны азаймай отырғаны қуантады. Біздің газетке жазылу жыл бойы үзіліссіз жалғасатын болады. Қолдаңыздар, қадірменді оқырман!

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.