Академик МҰРАЖАЙЫ

Қазақтың шоқтығы биік тұлғаларының бірі – Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 12 сәуірде 113 жыл толды. Оның қазақ ғылымына қосқан еңбегі өлшеусіз. ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғында Қарсақбай өңіріндегі пайдалы қазба байлығының көзін ашқан ұлы ізденістері Жезқазған, Сәтбаев қалаларының да ашылуына алып келді. Ал, осы тау тұлғалы дарынның атын иеленген қалада келешек жастарға насихаттап көрсететін құнды жәдігерлер бар ма? Бұл сауалға келгенде академиктің әкімдік алдындағы ескерткіші мен білімнің қара шаңырағы №27 қазақ орта мектебіндегі Қ.И.Сәтбаев атындағы шағын мұражаймен ғана шектеліп қаламыз.

Қала жұртшылығы академиктің атында мұражай бар екенін біле де бермейді.

Бүгінгі әңгіменің өзегі академик өмірінен сыр шертетін мұражай жайында болмақ.

Академиктің 100 жылдығында ашылған мұражайдың жетекшісі, география пәнінің мұғалімі Күлпаш Жүнісова.

– Жастайымнан академиктің өмірі жайлы деректерді, ол кісі тұтынған заттарды жинастыруды қолға алдым. Бұл 1990 жылдар болатын. Ол кезде мұражайдағы жәдігерлер тек бір бұрышта ғана болатын. Сөйтіп, қаланың Құрметті азаматы, республикаға белгілі ұстаз Шабал Бейсенбекованың қолдауымен қолдағы бар жиған-терген дүниелермен мұражай ашуды ұйғардық. Ізденістің арқасында біраз дүниелер табылып, мұражайға айналды. 2009 жылы Қаныш Имантайұлының 110 жылдық мерейтойының қарсаңында мұражай «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен қайта жөндеуден өтіп, бір жаңғырды. Мұражай қорында 200-ден аса жәдігерлер бар. Солардың ішінде академиктің өзінің қолданған заттары «Феникс-М» есептеу машинкесі, телефоны, кен барлауда қолданған геологиялық компас, кен құрамын анықтайтын теодолит құралы бар. Мұражайдың сәнін академиктің асқақ тұлғасының таза мыстан жасалған мүсіні келтіріп тұр. Басқа ірі қалаларда кездеспейтін сирек жәдігерлердің қатарында 1931, 1934 жылы Қ.И.Сәтбаевтың өз қолымен сызған «Тасқұдық» кен орнының сызбасы бар. Сондай-ақ, қорда қыздарының қалаға әкелерінің есімін беру жөніндегі, ескерткіш орнату туралы, бір кездері дау тудырған фамилиясын дұрыс жазу жөніндегі хаттары сақталған. Мұның сыртында академик жайында жазылған еңбектер де топтастырылған, – деді мұражай жетекшісі.

Тума дарынның ізінен ерген, оның көзін көріп, бірге еңбек еткен жандар жайлы мағлұматтар да мұражайдың бір бұрышынан «Кен өндірісінің қаһармандары, академиктің ізбасарлары» деген топтамамен орын алған.

– Мұражай ашылған күннен бастап бізге қолдау көрсеткен қаланың Құрметті азаматтары Мұзараф Аханов, Мырзатай Қосыбаев, академиктің ізін жалғастырған сәтбаевтық академик Әсер Иманғалиевтің еңбектерін атап өткен жөн. Ол кісілер қолда барын осы мұражайға берді.

Әлі күнге дейін мұражайға қарасып келе жатқан «Қазақмыс» корпорациясының азаматтарына да алғысымыз шексіз. Солардың қатарында «Жомарт» кенішінің бас директоры Талғат Аханов, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-ның әлеуметтік нысандарды бақылау бөлімінің бастығы Тоғызбай Тәжбенов ұлы академик алдындағы ұрпақ парызы мен азаматтық ұстанымдарын көрсетті.

Мектеп ұлы ғалымның есімін, елге еткен еңбегін жастарға насихаттау мақсатында әртүрлі жобаларға, «Сәтбаев оқуларына» қатысып, жобалар қорғап жүр. Мына бір шкафта сол оқушылардың алған дипломдары мен алғыс хаттары, қорғаған жобалары топтастырылған, – деп оқушылардың шығармашылығын да көрсетті К.Жүнісова.

Қордағы тағы бір құнды жәдігерлердің қатарында қазіргі күні жер байлығының құрамында кездеспейтін таза сап мыс рудасы, хризоколла, кальцит, пирит, барнит, халькоперит сынды тастар бар.

Мұражай 2002 жылы Халықаралық мұражай күнінде Қарағанды облысы мәдениет Департаментінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Мұражай жұмысын Жезқазған қаласындағы «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Қ.И.Сәтбаев атындағы мұражайдың бастығы Кенжал Байкеновпен бірге жүзеге асыратындықтарын айтады Күлпаш Сәрсенбекқызы.

Академик өмірін зерттеп, білуге талпынатын оқушылар «Сәтбаевтану» бағыты бойынша «Сәтбаев ізімен» тақырыбында жылда Қарсақбай, Жезді кенттерінде болып жүр. Биыл да осы үрдісті жалғастырып, Жезқазған қаласындағы академиктің мұражайына баруды көздеп отырған көрінеді.

Экскурсия соңында мектеп басшысы Алма Сұлтанова мен мұражай жетекшісі Күлпаш Жүнісова мұражай тек академиктің туған күнінің аясында қала мектептерінің оқушыларының тамашалауынан әрі аспайтынын айтып, кейіді.

– Біз қала тұрғындарына, қалаға келген меймандарға мұражайды еш қысылмастан көрсете аламыз. Қаланың маңдайына біткен жалғыз мұражайдың есігін жылына бір-ақ рет ашу ұрпақ алдындағы парызымызға сын. Сондықтан да мұражай есігі келушілерге әрдайым ашық екенін қала халқына жеткізсеңіздер екен, – деген өтініштерін де білдірді.

Екі азаматшаның бұл сөздерінің жаны бар. Өйткені, қалада Қаныштай ғұламаны жарқыратып көрсететіндей нысандар аз. Ізденістерден соң ізгілікті іс қалдырған дара тұлғаның ұшан-теңіз еңбегі болмаса біз Сәтбаев деген қалада тұрар ма едік? Сондықтан, қолда бар алтынның қадірін біліп жүрген өзімізге жақсы болары хақ.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.