Өтініш жерде қалмайды

Өткен аптада қалалық «Нұр Отан» партиясының ғимаратында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Арман Қожахметов сайлаушыларын жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Қоғамдық қабылдауға қалалық мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук, «Нұр Отан» партиясының Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Әміров қатысты.

Арыз-шағымын жеткізуге мүмкіндік алған азаматтардың басым бөлігі жұмыссыздыққа қатысты мәселені ортаға салды. А.Гулай денсаулығының жарамсыздығына байланысты жұмыссыз қалған. Шаң-тозаң, химиялық құралдарға төзе алмайтындығына байланысты еден жууға да мүмкіндігі жоқ. Жалғызбасты ана қазір мүгедектік жәрдемақыға құжат дайындау үстінде. Несиесін төлей алмай қиналған мұқтаж жанға қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бауыржан Әпеков пен жұмыспен қамту орталығының директоры Қазбек Ашықбаев көмектесуге, ыңғайлы жұмыс тауып беруге уәде етті.

Ж.Әлкеева баласын үйіне жақын жердегі балабақшаға орналастыра алмай жүр. Арнайы сайт арқылы бақылап отырғанымен бос орынның табылатын түрі жоқ. Бұл мәселені шешуді білім бөлімінің бас маманы Гүлбану Хасенова қолға алып, Жайнагүлдің өтініші жерде қалмайтындығын жеткізді.

Қабылдау барысында көптің көкейіндегі сауалдарға ден қойған депутат әлеуметтік мәселелерді алға тартқан жандардың ұсыныс-тілегінің заңдылығына сәйкес орындалатынын айтып, тиісті салалар мен мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Мейрамгүл АЛПЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.