Үздік туындылар – оқырман назарында

Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Кітапханашылар Ассоциациясының бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді. Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік туындылармен танысу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу.

Аталмыш жоба қазіргі әдебиет пен поэзияға, классикаға қызығушылықтың артуына мүмкіндік туғызады. Биылғы жылы аталмыш жоба аясында оқырмандарға Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы, Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» романы ұсынылады.

Бұл өнегелі дәстүрді әрі қарай жалғастыру – бәрімізге ортақ міндет. Мемлекет басшысы «әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын» деген ұғымның қалыптасқаны сияқты әр шаңырақта Абай Құнанбаев пен Мұхтар Әуезовтің кітаптары тұруы керек деп санайды.

«Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан». Бұл – Абай елінде туып, жастайынан ақынның өсиеттерін жанына сіңіріп өскен Мұхтар Әуезовтің сөзі. Әуезовтің шығармашылығында «Абай жолы» романының орны бөлек. Әуезов Абайдай ұлт мақтанышын дүниежүзіне танытқан қарымды қаламгер. Ол өзінің роман-эпопеясында қазақ халқын, ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсетті. Роман-эпопея әлемдік деңгейде «ХX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» (Луи Арагон) деген жоғары бағаға ие болды. Әуезовтің жазуға 30 жыл уақыты кетті. Он тоғыз жасынан Абай туралы жазуды ойға алып, он жеті жыл үздіксіз ізденіп, он екі жыл ішінде жазып шықты.

Алғашқыда екі кітаптан тұратын «Абай» (1942, 1947), кейін жалғасы ретінде «Абай жолы» (бұл да екі кітаптан тұратын, 1952, 1956) романын жазды. Осы төрт томнан тұратын шығармада қазақ қоғамының алуан түрлі топтары кең қамтылып, сан қырлы тұтас галерея жасалды.

«Бір ел – бір кітап» акциясын ауқымды насихаттап келе жатқан кітапханамыз ұлы тұлғалардың шығармаларын оқырман назарына тұрақты түрде ұсынуды жоспарлауда. Жыл бойы кітап көрмелері үзіліссіз жұмыс жасамақ.

Айжан САРИНА,
оқырмандарға қызмет көрсеті бөлімінің меңгерушісі.

Комментарии закрыты.